Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы оқиға кезінде ерлік пен жанқиярлық көрсеткен және міндетін адал атқарған бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.
Президент наградаларды Ақордада өткен салтанатты рәсім барысында табыстады. Ол өз сөзінде Арыстағы жарылыс салдарынан ғимараттар мен тұрғын үйлердің 90 пайызына зақым келгенін айтты. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына 10 мыңға жуық адам, 250 компания мен 300 арнайы техника жұмылдырылғанын, қазір нысандардың 97 пайызында жұмыстар аяқталғанын жеткізді."Бүгінде арыстық отбасылар жаңа баспаналарға ие болып, қуанышқа бөленуде. Бұрынғы қираған ескі үйлердің орнына кірпіштен салынған сәулетті үйлер бой көтерді. Ең алдымен көпбалалы отбасылардың баспаналары қалпына келтірілді. Жарылыс кезінде мектептер, ауруханалар мен балабақшалар көбірек зардап шеккенін білесіздер. Әлеуметтік маңызы зор нысандарды жөндеуді мойнына алып, тынбай жұмыс жүргізген ұлттық компаниялардың еңбегі ерекше. Бірінші қыркүйек күні Арыс қаласында толық жөндеуден өткен 16 мектеп өз жұмысын бастады. 12 мың оқушының мектепке оралып, 2,5 мың баланың бірінші сыныпқа баруы - үлкен қуаныш. Бұл іске өз үлесін қосқан азаматтардың бәріне тағы да алғыс айтамын", - деді Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы "Арыс тыныштығы бұзылғанымен, елдің рухы түскен жоқ" деп айтқан болатын. Бұған қоса, Арыста ерлік көрсеткен 40 азаматты марапаттаған еді.