Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау қаласындағы №2 емханаға және кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін орталық барып, мекемелердің жұмыс барысымен танысып қайтты. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мекеменің жұмысымен танысу барысында Мемлекет басшысы емдеу және күндізгі стационар кабинеттерін және емхананың жедел медициналық жәрдем станциясын аралап көрді.
Емделушілерді арнайы көпсалалы дайындықтан өткен тәжірибелі дәрігерлер қабылдайды.
Бұл барлық санаттағы тұрғындарға сапалы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Емханада тұрғындарды ақпараттық қолдау жүйесі жұмыс істейді.
Соның ішінде тәулік бойы қызмет көрсететін call-орталық, сенім телефоны және емхананың веб-сайты бар.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен танысты.
Орталық мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік, салық және статистикалық есептер, кедендік рәсімдер, ақпараттық технологиялар бойынша қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету және кәсіпкерлерге құқықтық көмек беру мәселелері жөнінде тегін кеңес беріледі.
Сонымен қатар, Президентке «Бастау-Бизнес» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы баяндалды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жобалары: түйе шаруашылығы, репетиторлік орталық, типография, сұлулық салоны, стоматологиялық кабинет, балабақша және басқа да бастамалар таныстырылды.