Бүгін Астанада Республика күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің даму жолы мен жетістіктері, сондай-ақ реформалардың мәні туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Республика күні мерекесімен құттықтады.
Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күні құтты болсын! Ұлттық мейрам қарсаңында дәстүрге сай Ақорда төрінде мемлекетіміздің үздік азаматтарымен бірге жиналып отырмыз, - деді Тоқаев.
Президент атап өткендей, биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті.
Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырды. Көп ұзамай жұртымыз Тәуелсіздік байрағын көтерді. Тарихи әділдік орнап, ұлттың рухы асқақтады. Сондықтан бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады.
Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік – ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі, - деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде заңғар ойшыл, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады» деген сөзін мысалға келтіріп, ұлт тарихында із қалдырған тұлғаларға құрмет көрсету – ел бірлігінің нышаны екенін атап өтті.
Біз әр кезеңде ұлт тарихында өшпес із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз, оларды ешқашан ұмытпаймыз. Сонымен бірге келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз, биік мақсаттарға ұмтыламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік жылдары елдің қол жеткізген жетістіктерін де атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан егемен ел ретінде әлемге танылып, шекарасын шегендеп, қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бірлік пен татулықтың арқасында түрлі сынақтардан сүрінбей өткен ел бүгінде халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие.
Алайда кемшіліксіз, мінсіз жұмыс болмайды. Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды қадамдар жасалғанын атап өтті. 2019 жылдан бастап ауқымды реформалар қолға алынып, Қазақстан жаңа тұрпатты мемлекет құру жолына түсті.
Президент Конституцияға енгізілген өзгерістер мен саяси жүйедегі жаңашылдықтарға тоқталды.
Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Конституциялық Сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биыл шілде айынан бастап Кассациялық сот жүйесі іске қосылды. Бұл қоғамымызда әділеттілікті күшейтуге жағдай жасады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.