Тоқаев 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынды

24 Тамыз 2023, 16:37
5092
Бөлісу:
Тоқаев 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15-ші БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан мемлекеттер басшыларының «БРИКС Плюс» диалогы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ШЫҰ, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы елдер өте маңызды саналатын цифрлық орта, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуеттерін біріктіріп, ақпарат алмасуды кеңейткені жөн. Келесі жылы Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Цифрлық форумы өтеді. «БРИКС Плюс» аясындағы серіктестерімізді осы маңызды шараға қатысуға ниетпен шақырамын, - деді президент.

Қазақстан барша серіктестерді «Солтүстік-Шығыс» пен «Шығыс-Батыс» көлік дәліздеріне қатысты экономикалық, сауда, көлік және инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырады.

Аса маңызды «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толықтыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сауда саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндік ашады. Мұндай ықпалдастық өңіраралық сауда-саттықтың дамуына және біздің аймақтардың көлік-транзит әлеуетін толық танытуға септігін тигізеді.

Климаттың өзгеруі жаһандық ауқымдағы теріс салдарға әкеліп соғатыны баршамызға мәлім. Соңғы бірнеше жылда Жаһандық Оңтүстік және Орталық Азия елдерінде өте қатты қуаншылық белең алып, басқа да табиғат апаттар жиілеп кетті. Осыған орай Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынып, осы өзекті проблеманы шешу жолындағы ортақ күш-жігерді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді. ШЫҰ-ның Экология жылын өткізу жөніндегі іс-қимыл жоспары – уақтылы көтерілген бастама. Бұл бастама БРИКС-ке мүше мемлекеттер тарапынан да қолдау табады деп үміттенемін, - деді Тоқаев.

Оның айтуынша, осы жағдайға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі де жаһандық күн тәртібінде айрықша маңызға ие бола бастады.

Бүгінде әлемдегі азық-түлік өндіруші төрт ірі елдің үшеуі – БРИКС мүшелері. Ал БРИКС елдерінің ауыл шаруашылығы саласындағы ЖІӨ-нің жиынтық мөлшері әлемдік көрсеткіштің жартысынан асады. Елдеріміз арасындағы азық-түлік теңгерімсіздігін азайту үшін тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Біз әлемдегі азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмай, оларды кез келген санкциялар мен шектеулер ықпалынан босатуымыз керек, - деді мемлекет басшысы. 

Президенттің сөзінше, Оңтүстік Африка Республикасы төрағалығы аясындағы «БРИКС және Африка» ұранына сай, Қазақстан да БРИКС елдерімен және Африка одағымен көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады.

Қазақстан қатысушы мемлекет ретінде БРИКС әлеуетін арттыруға үлес қосқысы келеді. Мен жаһандық қауіпсіздікті, орнықты дамуды және инклюзивтілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұжымдық күш-жігерді арттыру қажет екеніне сенімдімін, - деп қорытындылады өз сөзін президент.

Өзгелердің жаңалығы