Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Топтық кезеңге бір қадам: «Қайраттың» жаңа сынағы қандай болмақ?

Әсел ӘБІЛБЕК
17 Шілде 2025, 14:48
844
Бөлісу:
 «Қайрат» ФК
Фото: «Қайрат» ФК

Алматылық «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінің қарымта ойынында Словенияның «Олимпиясын» ұтып, келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Футбол ардагері Булат Есмағамбетовтің айтуынша, алғашқы матч алдында «Қайрат» пен «Олимпияның» мүмкіндіктері тең болған. Алайда сырт алаңдағы тең ойыннан кейін алматылық команданың келесі кезеңге шығу мүмкіндігі жоғарылады.

Алматылық команда «Қайрат» мінез көрсетті, 1-таймда қарсыластың қателігін тиімді пайдаланды. Қарсыластың шабуылын тоқтатып, қорғаныста сауатты ойнады,- дейді ардагер футболшы.

Оның айтуынша, Словения мен Қазақстан лигаларының деңгейі бір-біріне ұқсас. Бірақ ұлттық құрамалар деңгейінде Словения сәл мықтырақ.

Словения чемпионатында көбіне легионерлер ойнайды, ал үздік ойыншылары мықты чемпионаттарға Италия, Испания, Германия, Францияға кетіп жатады. Клуб бюджеті де аса үлкен емес, сондықтан бұл командаларды жеңіл қарсылас деуге болмайды, - дейді ол.

Сарапшы «Қайрат» қорғаушылары мен жартылай қорғаушылардың үйлесімді ойынын атап өтті. Ал жеке шеберлік бойынша Жоржиньоны ерекше атады.

Ол гол соғып, нәтижелі пас берді, әрі шабуылда да, қорғаныста да белсенді болды, - деді ол.

Жас ойыншы Дастан Сатпаевқа қатысты пікірін де білдірді.

Алғашқы ойында ол өз міндетін атқарды. Өз жарты алаңынан жүгіріп келіп, Жоржиньо бастаған шабуылды жалғастырды, пас алып, бос қақпаға гол соқты. Осылайша, есеп ашылып, «Қайраттың» жеңісті жолы басталды. Ал екінші ойында оған қарсылас қатты қысым көрсетті, жүгіртуге мүмкіндік бермеді. Бірақ «Қайрат» екі гол соққаннан кейін қорғанысқа көбірек көңіл бөлді, шабуылшылар да қорғанысқа көмектесті, - дейді ол.

Спорт функционері Алтай Даумов «Қайраттың» жеңісі күтпеген жағдай емес екенін айтады. Оның пікірінше, алматылықтар матчтың басынан-ақ көшбасшы екенін көрсеткен.

Көп адам үшін бұл жеңістің осылай оңай келгені тосынсый болған шығар. Бірақ «Қайрат» ойынды өз қолына алып, жылдам гол соғып, күмән қалдырмады. Бұл қуантады. Жалпы, жеңіс күткен нәтиже болды. Бірақ оны осылай сенімді түрде алу тосынсый, - дейді Даумов.

Сарапшының пікірінше, қарсылас әлсіз ойнады, ал «Қайрат» оларға еш мүмкіндік бермеді. Бұған қоса, Қазақстан премьер-лигасының қызу кезеңінде жүргені де әсер етуі мүмкін.

Балалар функционалды тұрғыда жақсы дайындалған. Енді финдік «КуПС»-ты өтіп, кемінде Конференциялар лигасында ойнау мүмкіндігін иелену керек. Бұл жақсы мотивация. Егер ары қарай Еуропа лигасы немесе Чемпиондар лигасына өтіп жатса бүкіл қазақстандық футболы үшін үлкен жетістік болады. Біз балаларға сәттілік тілейміз және «Қайраттың» жеңістеріне қуанып отырғымыз келеді. Тіпті топтық кезеңге дейін жетіп қалса ше? Неге болмасқа? — дейді Даумов.

Келесі қарсылас Финляндияның «КуПС» клубы. Оның құрамында сапалы легионерлер бар.

Маған олардың молдовалық «Милсами» клубымен болған матчын көруге тура келді. Әсіресе, жауапты ойынды. Финдер ерекше ештеңе көрсеткен жоқ. Сондықтан оларды өтуге болады. Бірақ бұл үшін шоғырлануды жоғалтпау керек. Әсіресе, екінші матчтағыдай тәртіп керек,- дейді ол.

Футбол комментаторы Эльдар Аманбаев бірінші матчтағы «Олимпияның» ойынын еске алып, екінші кездесуде сапалы ойын күткенін айтады.

Менің ойымша, Рафаэль Уразбахтиннің жоспары іске асты. Жылдам гол қарсыласты абдыратып тастады, ойындарын бұзып жіберді. Бұдан кейін классика егер команда чемпион болса, 2:0 есебін сақтап қалуды білуі тиіс. Біз соны көрдік. Стадиондағы атмосфера да керемет болды. Көрермендер еурокубоктық ойындарды сағынғаны көрініп тұр. Сондықтан «Қайрат» тек келесі кезеңге шығуға емес, топтық кезеңге өтуге де үміткер екенін көрсетті. Егер жеребе сәтті түссе, өтуге міндетті. Тарихта тұңғыш рет топтық кезеңге өтсе, бұл Қазақстан үшін үлкен футбол мейрамы болар еді, — дейді Аманбаев.

Ол үздік ойыншылар ретінде тек бір-екі футболшыны емес, тұтастай команданы және жаттықтырушылар штабын атады. Жақсы дайындық пен сәтті тактикалық шешімдерді ерекше атап өтті.

Оның пікірінше, келесі қарсылас – финдік «КуПС» аса қиын емес. «Қайрат» бұл жұпта аздап фаворит саналады. Команда жақсы формада, құрам мәселесі шешілген, шабуыл да жолға қойылған. Ал Уразбахтинде нақты жоспар бар.

Өзгелердің жаңалығы