Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі қыркүйектің 2-сі мен 13-і аралығында Парижде өткен франциялық L'Étrange Festival кинофестивальінің Гран-приін жеңіп алды.
Арнайы «Жаңа жанр» жүлдесін Франциядағы ең ірі ақылы телеарналардың бірі Canal+ табыстап, фильмді көрсету құқығын сатып алып, прайм-тайм уақытында көрсетуді жоспарлап отыр, деп хабарлады «Қазақфильм» баспасөз қызметі.
Еске салсақ, кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымның тағдыры баяндалады.
Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында Sataifilm компаниясының қатысуымен түсірілген.