Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ауыл» халықтық демократиялық партиясы атынан Президент сайлауына түскен Төлеутай Рахымбеков «exit poll» нәтижесіне қатысты пікір білдірді. Сонымен қатар, Төлеутай Рахымбеков жеңіске жеткен кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтап, оның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
«Сәуір айында партияластарым мені кандидат ретінде бірауыздан ұсынды. Содан бері жер-жерде барлық ұжым тыным көрмей үгіт жүргізді. Өңірлерді аралау барысында белсенді азаматтарға алғысымды айтып отырдым. Осы сайлау науқанына бір кісідей атсалысқан барлық жақтастарыма алғыс айтқым келеді», - дейді Төлеутай Рахымбеков.
«Ауыл» партиясының өкілі «exit poll» нәтижесіне қарап қорытынды жасауға болмайтынын айтады.
«Мұнымен уақыт тоқтап қалған жоқ. Біздің партияның саяси палтформасы түгелдей ауылдық елді мекендерді гүлдендіруге бағытталған. Ал бұл - өміршең бағыт. Алда Парламент сайлаулары бар. Соның бәрінде осы ұстанған бағытымыздан таймаймыз», - деді ол.
Кандидаттың айтуынша, сайлауға дайындық ретінде берілген 2 ай партияның жұмыла жұмыс істеуіне толықтай жеткілікті болған.
«Біздің партия - заманауи типтегі партия. Сондықтан 2 ай уақыт бізге аздық еткен жоқ. Кейбір ұжымдар болуы мүмкін, оларға бір жыл уақыт берсеңіз де үлгермей жатады. Сондықтан бұл сайлауға барынша дайындықпен келдік деп айтуға болады», - деді партия өкілі.
Сонымен қатар, Төлеутай Рахымбеков жеңіске жеткен кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтап, оның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Еске салайық, «Ауыл» партиясының ұжымы өздері ұсынған кандидат Төлеутай Рахымбековпен бірге теледидар арқылы «exit poll» нәтижелерінің қорытындысын тыңдады.