Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізден шыққан тұңғыш ғарышкер, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров коронавирус жұқтырып, ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы журналист Жұмабике Жүнісова facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, Тоқтар Әубәкіровке хабарласқан кезде ковид жұқтырғанын айтқан. Ол жеті күннен бері ауырып жатыр екен. Осы уақытқа дейін дәрігерлер тек қан талдауын жасаған.
Қазір үйдемін, ештеңе жазып бермеді. Қалай емделу керектігін де айтпады. Бірде-бір сұрағыма дұрыс жауап алмадым. Бүгін баспасөз мәслихатын өткіземін дегенде ғана қимылдай бастады. Қазір жедел жәрдем келе жатыр. Ковид ауруханасына әкететін шығар, - деді ғарышкер журналиске.
Шамамен бір сағат өткеннен кейін Жұмабике Жүнісова парақшасына тағы бір жазба қалдырды. Жазбада еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдан Тоқтар Әубәкіровтің не себепті апта бойы тиісті ем алмай жатқандығын сұрады.
Сізден қойылған сауалға тек ресми жауап қана емес, сонымен қатар қазіргі уақыттағы Тоқтар Оңғарбайұлының қайда екені және қазіргі денсауылығының қандай жағдайда екендігі туралы нақты жауап алғым келеді. Қазақстан халқына, күллі жұртшылыққа оның денсаулығы жайлы ақпарат беріңіз. Жауапты созбаңыз, -деп жазды ол.