Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО әкімдігінде өткен аппараттың кеңейтілген отырысында Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы облыс әкімі Даниал Ахметовке спортшылардың Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы туралы баяндады.
Досжан Уалханов Жапонияда өтетін Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын 95 спортшы, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысынан 10 спортшы қорғайтынын хабарлады. Олардың қатарында Ольга Рыпакова, Жанна Мамажанова және Надежда Дубовицкая (жеңіл атлетика), Данияр Қайсанов (еркін күрес), Нұрсұлтан Тұрсынов (грек-рим күресі), Руслан Құрбанов (семсерлесу), Ерлан Серікжанов (дзюдо), Маргарита Торлопова (байдарка мен каноэде есу), Александр Куликов пен Екатерина Смирнова (байдарка мен каноэде есу слаломы) бар.
Айта кету керек, лицензиялар саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы еліміздің көшбасшы аймақтарының бестігіне кірді. Алдыңғы үштікте Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары тұр.
Басқарма басшысы спортшылардың функционалдық жағдайын бағалаудың кешенді биохимиялық әдістері пайдаланылып, бекітілген кестеге сәйкес медициналық бақылау мен тексерулер жүргізіліп жатқанын баяндады. Атлеттердің дайындығын білікті мамандар мен дәрігерлер жіті бақылайтын болады.
Сондай-ақ, олимпиадалық цикл барысында халықаралық рейтингтегі жарыстарға қатысуға және ұлттық құрама сапындағы оқу-жаттығу жиындарына іс сапарға жіберу үшін қосымша қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, спортшылар ШҚО әкімінің ай сайынғы стипендиясын алады.
Естеріңізге сала кетейік, Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылы өтуі керек еді. Бірақ, Covid-19 пандемиясына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті бұл байрақты бәсекені 2021 жылға ауыстыру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұған қарамастан, Олимпиаданың «2020» белгісі сақталады. Жарыс 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.
Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның көк туын бокстан ұлттық команданың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пен жерлесіміз, жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова алып жүреді.