Биыл қазақстандық әуе нарығы бес жаңа лоукостерлерге енді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олар: Таиланд (Thai Air Asia X), Біріккен Араб Әмірліктері (Air Arabia Abu Dhabi), Оңтүстік Корея (TWay және Easter Jet) мен Үндістан (Spice Jet) елдеріне тиесілі компаниялар. Елімізді әлемнің ірі қалаларымен байланыстыртаын жаңа бағыттарды ашу бойынша келіссөздер жүргізуді ведомство әлі тоқтатқан жоқ. Олай болса, болашақта қазақстандықтар қалаған уақытында Токиоға немесе Сингапурға тікелей ұшуға мүмкіндікке қол жеткізеді деген сөз. Бұл тізімде Нью-Йорк картадағы ең көп талқыланатын нүктеге айналып отыр.
Қазақстанның Көлік министрлігінің ресми өкілі Ләззат Стамғазиеваның айтуынша, ведомство осы мәселені шешуді жалғастыруда. Демек, мұхиттың ар жағындағы алпауыт елге қалаған кезіңізде саяхаттауға мүмкіндік туындауы ғажап емес. Бірақ АҚШ-ты былай қойғанда, қазақстандықтардың алдында таңдау көп: әуе рейстері Жер шарының 31 мемлекетімен байланыстырады.
Авиациядағы жолаушылар ағынының жыл сайын өсуі шамамен 10-15% мөлшерінде. Бұл ұшуға жаңа бағыттар ашуға мүмкіндік береді деуге әбден негіз бар. Жуырда қазақстандықтар мен қонақтарға 30 жаңа әуе бағыттары ашылды. Мәселен, олардың қатарында Будапешт, Мюнхен, Сиань мен Гуанчжоуға ұшақтар бар. Бұл Алматы, Шымкент пен Қызылорда әуежайларында жаңа терминалдардың іске қосылуымен байланысты екені белгілі болды.
Бізде жаңа ұшу-қону жолақтары мен терминалдар пайда болды, жаңа инфрақұрылым жаңартылды және ол рейстердің көбеюін талап етеді. Мысалы, Шымкентті алып қарасақ. Биыл мамырдың соңынан бастап Германия, Венгрия, ҚХР, Оңтүстік Корея, Египетке ұшуға болады, - дейді Көлік министрлігінің ресми өкілі.
Әуе инфрақұрылымы да дамып келеді. Былтыр Еурокомиссия қазақстандық әуе компаниялары үшін ЕО елдеріне «қара тізім» бойныша ұшуға қойылған шектеудің бәрін алып тастады.
Еліміздің барлық дерлік әуежайларында әуе кеңістігінің бесінші деңгейлі еркіндігі сақталған. Шартты түрде биыл жыл басынан бері әуе компаниялары тасымалдаған жеті миллион екі жүз мың жолаушы бірнеше жылда жиырмаға дейін өсуі мүмкін. Яғни бірнеше есеге өсім көрсетуге мүмкіндік мол.
Президенттің тапсырмасы бойынша, Зайсан, Қатонқарағай мен Кендірліде үш заманауи әуежай салынып жатыр. Одан басқа, мамандар Арқалық қаласында да әуе айлағын қалпына келтірумен айналысуда. Ол 35 жыл бойы жұмыс істемеген. Егер алты ірі қаладағы әуежайларды халықаралық аэрохабтарға айналдыру бойынша жоспарды ескерсек, Қазақстан үлкен шетелдік инвестиция ағынына жол ашылуына үміті бар. Іс жүзінде инвесторлар да белгілі: Астанада – БАӘ, Шымкентте – әуе компаниясының бірі, ал Қарағандыда – отандық инвестор іске кіріседі деп күтілуде.
Айта кетерлігі, құрылыс пен жөндеу жұмыстары инвестиция тарту есебінен жүргізіледі. Мысалы, елордалық әуежайды алып қарайық. Бұл жерге миллиард доллардан астам қаржы салынады. Жақын болашақта ол жерде екінші ұшу-қону жолағы ашылады. Бұл ішкі, сондай-ақ халықаралық рейстер ауқымын қамтуға мүмкіндік ұсынатыны анық. Сондай-ақ үшінші жолаушылар терминалы мен жүк тасымалдау үшін карго-терминал ашылады. Индустриялық-логистикалық аймақ пен қонақүйлер, сауда алаңдары, логистикалық терминалдары бар бизнес-кластерден тұратын аэротрополис-мультифункционалдық кешен пайда болады. Биыл алғашқы жартыжылдықта алты әуе кемесі сатып алынды. Яғни біздің паркіміз толығып, жаңарады. Жыл соңына дейін ондаған бірлік кемемен толығады деп күтілуде, - деді спикер.
Саяхаттағы жайлылық тек әуеде ғана емес, жерде де маңызды. 2029 жылға дейін Қазақстан жолаушылар вагоны паркын толықтай жаңартуды жоспарға қойды. Stadler компаниясы 557 заманауи вагонды жеткізеді. Жыл соңына дейін елге 50-ден астам вагон келеді, одан кейін олар бірден рельске қойылады. Қазақстанда алғашқы жартыжылдықта 125 теміржол вокзалдары жаңартылды. Олардың жиырмадан астамы туристік аймақтарда орналасқан. Жалпы, жыл сайын елде бір жарым мың шақырым теміржол жөндеуден өтеді.
Қазақстанның ауқымды теміржол желісі бойынша тек жолаушылар ғана емес, жүк те тасымалданады. Осы мақсатта дәл қазір 1300 шақырым жаңа жолдар салыну үстінде. "Достық-Мойынты" бағыты бойынша екінші учаске іс жүзінде аяқталуға жақын және жыл соңына дейін тапсырылады. Алматы қаласының айналма теміржол желісі деп аталатын тағы бір жобамен бірге бұл жол транскаспийлік халықаралық көлік бағдары жолының бойында жатыр және ҚХР-ға жүк тасымалдауға көмектеседі.
Сондай-ақ Дарбазадан Мақтааралға дейінгі 262 шақырымда – Өзбекстанмен шекарада жұмыс жүргізілуде. Жоба аяқталған соң бұл бағыт бойынша өткізу қабілеті бес есеге дейін артады. Жұмыс сонымен қоса "Бақты-Аягөз" және "Қызылжар-Мойынты" бағыттары бойынша да қолға алынды.