Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Токиодағы олимпиада ойындарында Нидерландтан келген спортшыда жарысқа қатысқаннан кейін коронавирус анықталды, деп хабарлады Хабар 24.
Дүбірлі дода басталғалы мұндай оқиға алғаш рет тіркеліп отыр. Негізі олимпиадада осыған дейін де атлеттер арасында індет жұқтыру деректері расталған. Алайда олардың барлығы спортшылар жарысқа жіберілмей тұрып анықталған еді. Жалпы соңғы мәлімет бойынша Токиодағы дүбірлі дода қатысушылары арасында коронавирус жұқтыру деректерінің саны 130-дан асып кетті.
Олимпиада ойындарының барлық қатысушыларын сақтыққа салғырт қарамауға шақырамыз. Күнделікті олимпиада қалашығында жаңа деректердің расталып жатқанын естіп отырмыз. Спортшылар, делегаттар не бұқаралық ақпарат құралдары болсын, барлығы маска тағу керек. Бұл спорт үшін де, бізді қабылдап отырған жапондықтар үшін де маңызды, - деді Халықаралық олимпиада комитетінің өкілі Марк Адамс.