Токио-2020: Қола жүлде еншілеген Сметов өмірдегі басты арманын айтты

24 Шілде 2021, 18:41
2706
Бөлісу:
Токио-2020: Қола жүлде еншілеген Сметов өмірдегі басты арманын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дзюдодан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Елдос Сметов Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, екінші Олимпиададағы екінші медаліне қатысты ойымен бөлісті. 

Олимпиада жүлдегерінің айтуынша, ол Токио төрінен абыроймен оралу үшін бар күшін салған. 

Шыны керек, мен қола емес, алтын аламын деп келдім. Рио Олимпиадасынан кейін татамиден алыстап кетпей, үлкен спортта қалуымның да бір себебі осы еді. Күмістен кейін алтын алғым келді. Еліміздің әнұранын шарықтатып, көк байрағымызды биіктен көруді армандадым. Сол үшін тынбай еңбек еттім де. Бірақ маған бұйырып тұрғаны қола жүлде екен, - деді ол.

Ол спортқа арнаған осынша жылдағы бар өнерін, бар күшін бүгін Токио татамиіне тастап шыққанын айтты.

Мен барымды салдым. Спортқа арнаған осынша жылдағы бар өнерімді, бар күшімді бүгін Токио татамиіне тастап шықтым. Бойымда күреске деген қандай қасиет болса, соның бірін де аяп қалмадым. Жартылай финалдағы жекпе-жекті көрдіңіздер. Өте тартысты өтті. Қайта-қайта шабуылға иек артып, қарсыласымды тұқыртуға тырыстым. Алайда жеңіс бүгін менің жағымда емес екен, - деді спортшы.

Сметов қарсыласы туралы айтып өтті.

Иә, жапондық балуан Наохиса Такато менімен кездесуге финалдық белдесуге шыққандай дайындықпен келді. Оның финалға және оған дейінгі жекпе-жектерге қалай дайындалғанын көрдім. Жартылай финалға ерекше әсермен беттеді. Екеуміз талай мәрте кездесіп жүрміз. Бір-бірімізді жақсы білеміз. Бүгінгі белдесудің тым ұзаққа созылғанының себебі де осы, - деді дзюдошы.

Спортшының сөзінше, 2020 жылдың басында нағыз бабында болған. 

Алайда әлемдегі пандемия салқынын тигізді. Сегіз-тоғыз ай бойы бірде бір жарысқа қатысқан жоқпыз. Десе де, бұл күндердің бәрі артта қалды, қиындықтың бәрін жеңіп шықтық. Соған қуанамын, - деді Сметов.

Олимпиада жүлдегері Париж Олимпиадасына бару туралы ойымен бөлісті.

Ал келесі Олимпиада туралы не айтуға болады?  Париж Олимпиадасына бару-бармауым жайлы ештеңені кесіп айта алмаймын. Өте ауыр сұрақ. Маған әлі тынығып, денсаулығымды дұрыстау керек. Сіздерге көрінбегенмен, менің ғана жаныма бататын жарақаттар бар. Соларды емдеу керек. Жоғарыда айттым, менің арманым – Олимпиада алтынын алу. Міне, екінші Олимпиадада алтынға сынық сүйем жерден тоқтап отырмын. Мен алмасам ба, менің бауырларым, қазақ дзюдошылары Олимпиада чемпионы атанса, содан артық бақыт жоқ! Жарыс мұнымен біткен жоқ. Әлі еліміздің намысын қорғайтын төрт балуанымыз бар. Соларға сәттілік, жеңіс тілеймін, - деді Сметов. 

Елдос Сметов Токио Олимпиадасының қола жүлдесі үшін өткен белдесуде Нидерланд балуанынан басым түсті. 

Өзгелердің жаңалығы