Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов Токио-2020 Олимпиада жеңіпаздарын марапаттау рәсімінде мәлім етті.
Оның айтуынша, биыл өткен Олимпиаданың нәтижелері енді қайталанбауы тиіс. Жеңілістен кейін спортшыларымыз тоқтап қалмауы керек. Алда талай жарыстар бар.
Токио Олимпиадасы қазақ жанкүйерлері үшін сәтті болған жоқ. Өйткені спортшыларымыз алтын медаль ала алған жоқ. Токио Олимпиадасына барудағы мақсатым қазақтың Әнұранын шырқатып, көк Туын желбірету еді. Әттең, бұйырмапты. Жекпе-жек кезінде төрешілердің шешімімен жеңілдім. Алдағы уақытта жанкүйерлеріміздің үмітін ақтау үшін бар күш-жігерімді салатын боламын. Аянбай еңбек етіп, алдағы Азия ойындарына және 2024 жылы өтетін Париждегі Олимпиадаға дайындаламын, - деді ол.
Ол Олимпиада кезіндегі жанкүйерлердің қолдауына өз ризашылығын білдірді. Сөзінше, алдағы Олимпиадада 8 қоламыз 8 алтынға айналатынына сенім бар.
Қазақстан халқының қолдауын жарысқа қатысқан бірінші күннен бастап сезіндім. Әрбір жекпе-жегімді соңғы күрес секілді елестеттім. Қарсыластарымды жеңген сайын бабыма келе бастадым. Бірақ, өкінішке қарай, төрешілердің шешімімен жеңілдім. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Талай жеңістер алда деп білемін, - дейді Сәкен Бибосынов.
Сонымен қатар ол алға қойған жоспарларымен де бөлісті.
Қазір отбасыма көңіл бөлгім келеді. Одан кейін бапкерімізбен нақты жоспарлар құрып, жаттығуға кірісеміз. Екі айдан соң Әлем біріншілігі болады. Сол себепті алдағы уақытта тыңғылықты дайындалып, жарыстарда бар өнерімді көрсетемін, - дейді Бибосынов.
Айта кетейік, бүгін Токио-2020 Олимпиадасының жеңіпаздарына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бірқатар мемлекеттік награда табыс етілді.