Тоқаевтың арнайы өкілі британиялық әріптестерімен келіссөз жүргізді

24 Шілде 2021, 19:29
1598
Бөлісу:
Тоқаевтың арнайы өкілі британиялық әріптестерімен келіссөз жүргізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханның Лондонға сапары барысында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестікті дәйекті түрде нығайтуға деген тараптардың өзара ұмтылысы расталды. 

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

22-23 шілде аралығында орын алған сапардың аясында Е. Қазыхан Ұлыбритания Премьер-министрінің Қазақстан бойынша Сауда өкілі Баронесса Эмма Николсонмен, БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі 26-конференциясының (СОР26) мәселелері бойынша Орталық Азияға жауапты өңірлік Елшісі Дэвид Моранмен, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі Жалпыпартиялық парламенттік топтың төрағасы Боб Стюартпен, Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша қызмет атқаратын Форин-офистің басшылығымен, сондай-ақ Құрама Корольдіктің Парламентіндегі Қауымдастар және Лордтар палаталарының бірқатар депутаттарымен кездесулер өткізді. 

Кездесулер барысында екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың өзекті және перспективалы мәселелері, сондай-ақ алдағы жоғарғы және жоғары деңгейдегі сапарлар, жоғары лауазымды қазақстандық делегацияның Ұлыбританияның Глазго қаласында өтетін СОР26 климаттық саммитіне қатысуы, Қазақстан-Британ стратегиялық диалогының, Іскерлік кеңесінің және Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті отырыстары талқыланды. 

Е. Қазыхан британдық әріптестерді Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар бағдарламасының ағымдағы жұмысы мен стратегиялық даму үрдістерімен таныстырды. 

Отандық дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, еліміздегі жаңғырту өзгерістерін одан әрі жүзеге асыру бағытынан таймайтынын ерекше атап өтті. 

Өз кезегінде британдық әріптестер ҚР басшылығының реформалар бағдарламасын жалғастыру және тереңдету жөніндегі жоспарларын құптап, Ұлыбританияның Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға бейілділігін растады. 

Британдық тарап сондай-ақ ағылшын құқығының қағидаттары мен нормаларына сәйкес әрекет ететін «Астана» Халықаралық қаржы орталығының табысты дамуы екі мемлекет арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңызды жетістіктерінің бірі болғанын ерекше атап өтті.

Кездесулердің нәтижесінде тараптар талқыланып жатқан мәселелердің ауқымды кешені бойынша өзара түсіністікке қол жеткізді, сонымен қатар сауда және инвестициялар, «жасыл» энергетика мен климаттық өзгерістерге қарсы күресу, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша ұзақ мерзімді серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екендігін растады.

Өзгелердің жаңалығы