Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада, Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған 2001-2003 жылы туған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.
Бұл туралы prosports.kz хабарлады.Іс- шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, UWW (Біріккен күрес әлемі) вице-президенті Дәулет Тұрлыханов қатысты.
Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова көпшілікке ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеделхатын жеткізді.
Баршаңызды Олимпиада жеңімпазы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнирдің ашылуымен құттықтаймын!
Бұл – бүкіл еліміз үшін айтулы оқиға. Жақсылық Үшкемпірұлы – грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ғана емес, бүкіл халқымыздың ықыласына бөленген ерекше тұлға. Ол саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнап, туған өлкесін өркендетуге өлшеусіз еңбек сіңірді.
Даңқты спортшы әрдайым ұлттық мүддеге берік болып, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетті. Бұл құндылықтар әр азаматтың айнымас ұстанымына айналуға тиіс.
Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолы – өскелең ұрпаққа қашанда өнеге.
Халқымыздың біртуар перзентінің есімін ұлықтап, еңбегін бағалау жолында бүгінгідей іс-шараның маңызы зор. Байрақты бәсекеге қатысушыларға сәттілік тілеймін, – делінген құттықтау хатта.