Тоқаев отандық телеарналарға ризашылығын білдірді

1 Қаңтар 2021, 11:01
1211
Бөлісу:
Тоқаев отандық телеарналарға ризашылығын білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли әдеттегіден өзгеше келген Жаңа жылмен барша қазақстандықтарды құттықтады. 

Жыл табалдырықтан аттады. Барша отандастарымыз Жаңа жылды қазіргі жағдайға сәйкес қауіпсіздік шараларын сақтай отырып өз шаңырақтарында қарсы алды. Бұрынғыдай үй-үйге қонаққа барып, қаланы аралап, алаңға жиналып, мерекелік көңіл-күйдің жоғары нотасын ұстап жүретіндей емес. Осындай кезде отандық телеарналар халыққа уақытты тиімді өткізудің жолын ұсынып, мерекелік бағдарламалар жасады. Барлық бағдарламалардың басынан соңына дейін ән мен әзіл, танымдық ақпарат қатар өріліп, жұртқа жаңажылдық көңіл-күй сыйлай алды. Отандық эстрада жұлдыздары осынау қиын кезде экранның арғы бетінен халықтың көңілін көтеріп, ақжарма тілектерін әуезді әуенмен жеткізді. Нағыз мерекелік атмосфераны қалыптастыра алды. Бір бағдарламаның артында тұтас ұжымның үлкен еңбегі жатқанын білеміз. Еңбек ақталды, бағдарламалар көрермен көңілінен шықты деп сенеміз, деп жазды Берік Уәли.

Сондай-ақ, ол отандық телеарналардың жұмысына Мемлекет басшысының да ризашылығын жеткізді.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық телеарналардағы бағдарламаларды көріп, көңілі толып, ризашылығын білдіріп жатқанын айтқым келеді, – деді Празиденттің баспасөз хатшысы.

Өзгелердің жаңалығы