Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде айтты.
Пандемияның таралуы бойынша ең қиын күндерінде біз шынымен бірге болдық. Партия мен оның белсенділері халықтың бірігуінде баға жетпес рөл атқарды. Nur Otan нақты істер партиясы өзінің көшбасшылығын және Қазақстанның болашағы үшін барлық жауапкершілікті мойнына алуға дайындығын растады. Осындай дағдарыстық сәттерде билеуші партия алдында да, үкіметтер алдында да, барлық қоғам алдында да бірегей мүмкіндіктер ашылатыны бұрыннан белгілі болды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, осы тарихи мүмкіндікті пайдалану үшін елімізге дамудың жаңа парадигмасын ұсыну қажет.
Бұл жерде биліктің барлық тармағының - Президенттің, Үкіметтің және заң шығарушы биліктің күш-жігері қажет болады. Сондықтан алдағы сайлау ерекше маңызды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 5 институционалдық реформа мен Ұлт жоспарында тұжырымдаған жүйелі жаңғыртуға серпін беру керек. Осы мақсатта біз 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын қабылдаймыз. Бұл егжей - тегжейлі есептелген, шынайы құжат, - деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 21 трлн теңге бөлінетінін айтты.
Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Nur Otan Үкіметпен бірге келесі бесжылдық ішінде бағдарламаны іске асыруға 21 трлн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарлама елдің әлеуметтік ілгерілеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді нақты шаралар кешенін ұсынады, - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ бағдарлама аясында халықтың өзге де топтарына қолдау көрсетілетінін айтты.
Біз тек әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға ғана емес, халықтың өзге де топтарына қолдау көрсетеміз. Партиялық тізімдегі 20 пайыздық квота жас көшбасшыларды қолдаудың нақты тетігіне айналды. Nur Otan қатарына білімді, қайсар және жігерлі жастар қосылды, - деді Президент.
Сонымен қатар Тоқаев әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі, экономиканың барлық секторындағы рөлін күшейту - әлемдік үрдіс екендігін баса айтты.
Қазіргі уақытта партиялық тізімнің 30 пайызы әйелдерден құралған. Бұл - әйелдер қауымы үшін мемлекет басқару ісіне атсалысуға жол ашатын нақты әлеуметтік мүмкіндік. Партияның белсенді қатысуымен Әлеуметтік кодекс әзірленеді. Бұл мазмұны жағынан мүлдем жаңа құжат болмақ. Кодексте қоғам мен мемлекет арасындағы өзара келісім орнатудың тың тәсілдері көрсетіледі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Тоқаев елімізде Назарбаев университеті сияқты тағы екі оқу орны ашылатынын айтты.
Педагог мамандарға сұранысты арттырып, білім сапасын жақсарту мақсатында олардың жалақысы 2 есе көбейеді. Жаһандық білім және инновациялық жүйеге енген заманауи зерттеу университеттері білім экономикасының негізін құрауға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша тағы да кем дегенде 2 озық өңірлік оқу орны ашылады, - деді Тоқаев.