Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің қазіргі жағдайы мен саланы тұрақты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар туралы баяндалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ербол Қарашөкеев Президентті өсімдік шаруашылығын, соның ішінде сұранысқа ие дақылдарды өндіруді, саланы цифрландыру мен жерді игерудің нақты технологиясын енгізуді және тұқым шаруашылығының заманауи жүйесін құру жайында хабардар етті.
Сонымен қатар, ведомство басшысы мал шаруашылығын дамыту, егістік пен жайылымдық даладағы өсімдіктер құрамының түрін анықтау үшін ғарыштық бақылау мен қашықтан зондтауды қолдану жоспарымен таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік қолдау шаралары мен субсидиялау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ ветеринарлық қызмет, аграрлық ғылым мен кадрларды даярлау жүйесін жаңғырту жұмыстары туралы айтылды.
Саланы реформалаудың негізгі бағыттары 2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысы кездесу соңында дайын өнім шығаруды дамытуға, егін жинау жұмыстарын уақытылы әрі сапалы ұйымдастыруға, алдағы қыста мал шаруашылығын азықпен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.