Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қыркүйекте күштеп көшіру кезінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаны еске алды.
Бұл ақтауға келмейтін қылмыс. Біз барлық мәселе қатаң заңға сәйкес шешілетін құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Ешкімнің «самосуд» жасауына рұқсат етілмейді. Бұл қайғылы оқиға қарыз алушылардың борыштық міндеттемелерін орындамауы, ақша алудың жетілмегендігі, ашық еместігі, банктердің кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті бағалауының сәйкессіздігі мәселелерін жүйелі шешу қажеттігін айқындап берді, - деп атап өтті Президент.
Тоқаев атағандай, бүгінгі күні 540 мың азаматтың жалпы сомасы 354 млрд теңгені құрайтын 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар.
Қаржы секторына зиянын тигізбей, қарыз алушыларды қолдау үшін мұқият шаралар қабылдау қажет. Екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясатының икемділігін қамтамасыз ету және бағалау қызметін реттеуді күшейту қажет. Қарыз алушыға мәжбүрлеу шаралары қолданылғанға дейін 3 ай ішінде және атқарушылық іс жүргізу шеңберінде қосымша 3 ай ішінде кепілге салынған мүлікті өз бетінше сату құқығы берілуі тиіс. Мерзімі өткен берешек сомасы оның бағалау құнының 15%-ынан аз болса, ал кешіктіру мерзімі 6 айдан аспаса, кепілге өндіріп алуды шектеу қажет, - деп айтты ел Президенті отырыста.