Тоғжанов Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрімен кездесті

21 Желтоқсан 2021, 21:17
1186
Бөлісу:
Тоғжанов Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін  Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Бехзод Мұсаевпен кездесті. 

Вице-Премьер еліміздің денсаулық сақтау саласындағы даму нәтижелері мен жетістіктерін баяндай келе, Қазақстан осы саладағы ынтымақтастыққа және Өзбекстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытуға көмек пен қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады. Біздің медицина саласындағы жоғары білікті мамандарымыз халықтың денсаулығын қамтамасыз етуге қатысты барлық аспектілер бойынша тәжірибе мен біліммен бөлісе алады. 

Е.Тоғжанов делегация мүшелерін QazVac коронавирус инфекциясына қарсы отандық препараттың өндірісімен және тиімділігімен таныстыра отырып, бүгінгі күні вакциналар паспорттарын өзара тану жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігі туралы маңызды мәселені көтерді. 

Бұл Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының кедергісіз жүріп-тұруын қамтамасыз етіп, елдер арасындағы іскерлік байланыстарды жандандыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Бехзод Мусаев ынтымақтастық үшін ризашылығын білдіріп, Өзбекстанның мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында медицина саласында жүзеге асырылған біздің еліміздің жобаларына үлкен қызығушылығы бар екенін хабарлады. 

Е.Тоғжанов қазақстандық мамандар медицинадағы IT-технологиялар, жедел жәрдем жұмысын ұйымдастыру, алғашқы медициналық-санитариялық көмек және медицина ғылымын ілгерілету мәселелерінде консультативтік және техникалық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кездесу соңында Ералы Тоғжанов барлық қатысушыларға денсаулық, табысты бастамалар мен жемісті жұмыс тіледі.

Өзгелердің жаңалығы