Жеңіс Күні қарсаңында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Иванович Грецкийді мерекемен құттықтау үшін Хромтау қаласына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ардагерді салтанатты түрде ұлықтау рәсіміне қоғам өкілдері, Хромтау қаласының тұрғындары, оқушылар қатысты.
Василий Грецкий 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылған. Ол 8-ші полктің 1-ші кавалериялық корпусы, 1-ші Украина, 111-ші Беларусь, Польша және Чехословакия майдандарында соғысқан. Жауынгерлік қызметі үшін 1944 жылдың күзінде мемлекеттік «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылды. Кейін II дәрежелі Отан соғысы орденімен награтталды.
Василий Иванович жеңісті Берлиннен 75 шақырым жерде орналасқан ауруханада қарсы алған. Кейін олардың полкі Орал қаласына жіберіледі. 1946 жылы соғыста алған жарақаттарына байланысты демобилизацияланды.
Ералы Тоғжанов 99 жастағы соғыс ардагерін келе жатқан Жеңіс мерекесімен құттықтап, көрсеткен ерлігі үшін алғысын білдірді.
Сіз – өмірді сүю және ол үшін қалай күресу керектігін көрсеткен нағыз батырсыз. Сіз секілді төзімді, батыл, бейбітшілік үшін жанын беруге дайын тұлғалардың арқасында біз бақытты және еркін өмір сүрудеміз. Бүгін сізді құттықтай отырып, біз жеңіс үшін күрескендердің барлығын ұлықтаймыз. Біз оларды әрқашан есте сақтаймыз! Сіздің батылдық пен Отанға деген сүйіспеншілігіңіздің арқасында қол жеткен бостандық пен ұрпақ өмірі үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз, тағзым етеміз,- деп атап өтті өңір басшысы.
17 жастағы баламыз. Майданға аттанып, жеңіске жету үшін бәрін жасадық. Сол соғыстан бәрі бірдей оралмады, майдан даласында қалды, бірақ олардың әрқайсысы – біздің жадымызда. Жер бетінде әрдайым бейбітшілік орнасын, - деп атап өтті Василий Иванович.
Бүгін ардагердің көптен бергі арманы орындалды. Ол тұратын көпқабатты үйдің ауласында концерт ұйымдастырылып, жергілікті шығармашылық өнер ұжымдары соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.
Өңірде Жеңіс күнін тағы екі ҰОС ардагері қарсы алады. 103 жастағы Сатылған Бекмағамбетов Ақтөбеде тұрады. Ол 1941 жылы майданға шақырылған. Бір жылдан кейін 101-ші атқыштар бригадасының құрамында шайқасқа қатысып, Мәскеу, Ржев, Смоленск маңындағы қанды шайқастарда жауға төтеп береді, екі рет жарақат алған. Ал 99 жастағы Қазтай Тыныштықов Мұғалжар ауданы Құмсай ауылында тұрады. Соғыс жылдарында Украинаны, Курск пен Беларусь елін азат етуге қатысып, көптеген медаль, соның ішінде екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталды. Сондай-ақ ауданға сапар барысында облыс әкімі Хромтау ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жұмысымен танысты. Мұнда аймақ басшысы әскерге шақыру науқанын өткізуге арналған шақыру пунктін қарап шықты. Ғимарат 2022 жылдың тамызында пайдалануға берілген.