Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың Мемлекеттік академиялық филармониясы «Сарыарқа» фольклорлық ансамблінің XXIII концерттік маусымының жабылуы аясында ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі, композитор Тоғжан Жахин фольклорлық аспаптарға арналған авторлық жобасын көрерменге ұсынды.
Астана халқына ұсынылған рухани кеште қазіргі уақытта көп қолданыла бермейтін көне аспаптардың үні жаңғырып, автордың шығармаларымен қатар, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген қазіргі заман композиторларының жаңалық әкелген шығармалары орындалды.
Кештің мақсаты - өнер кеңістігінде төл аспаптардың алар орнын айқындау. Сол аспаптардың сарыны, үні ұмытылмас үшін, арнайы туындылар жазылып, репертуар қорын көбейтіп, халыққа ұсынып, төл өнерімізді насихаттау басты міндетке айналды.
Көрермен назарына сахнадағы үстел үстіне қойылған уілдек, тастауық, құссайрауық, шыңырау, үскірік аспаптарды ұсынып, жақынырақ таныстырды. Осынау іс-шараны ыстық ықыласпен қарсы алған тыңдармандарға ерекше кеш ұсынылды.