Тоғыз жасар қыз бір жылда 100 кітап оқып шыққан

4 Қаңтар 2022, 19:09
1930
Бөлісу:
Тоғыз жасар қыз бір жылда 100 кітап оқып шыққан

Алматы, BAQ.KZ. 9 жастағы Алима Шарыпқан бір кітапты үш-төрт күнде оқып тастайды екен. Қажет десеңіз кітаптағы хикаяның желісін жатқа айтып береді. Бұл туралы aikyn.kz хабарлады.

Оның кітап оқуға деген құштарлығын әжесі оятқан. Осының арқасында ол озат оқушы атанды. Тіпті, А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы ұйымдастырған «Кітап оқу көшбасшысы» сайысының жеңімпазы болды.

Кітап оқуды апам үйретті. Жатарда ылғи «Жеті лақ» ертегісін оқып беретін. Апам әрқашан маған «Көп кітап оқысаң, әке-шешең секілді мектепті кілең бестікке бітіресің. Сосын университеттен қызыл диплом алып шығасың» дейтін. Ең бірінші «Түймедақ» ертегісін оқыдым. Өзіме қатты ұнады, – дейді Алима.

Алима – Өскемендегі Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің 3А сынып оқушысы. Оның әкесі көлік жөндеумен айналысады, ал анасы инженер болып жұмыс істейді. Үйде ата-әжесінің тәрбиесінде жүрген ол кітап оқуды күн сайынғы әдетіне айналдырған. Ол тек қазақ тілінде емес, орысша да, ағылшынша да кітаптарды оқиды. Алима жыл бойына 100 кітап оқып тастаған. Себебі ол әділқазылар алқасының әр туынды жайлы сұрақтарына еш кідірместен жауап берген. Сөйтіп, бірауыздан Алима жеңімпаз атанған.

Қызығы Алима тұсауын кескенде алдындағы көп заттың ішінен кітапты таңдап алыпты. Енді міне, қолынан кітап түспейді.

 

Өзгелердің жаңалығы