Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Анар Жайылғанова Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттік жұмысының негізгі бағыттары бойынша есеп берді.Агенттік басшысы әкімшілік-мемлекеттік қызмет бағытындағы кадр саясатын қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің салалық заңнама мен этикалық нормаларды сақтауын бақылау, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жағдайы туралы баяндады.
Мемлекет басшысы "Президенттік жастар кадрлық резерві" бойынша жұмысты жалғастыруды, оған енген азаматтардың жұмыспен қамтылуына мониторинг жүргізу және резервке кіру шарттарын реттеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы "Президенттік жастар кадрлық резервіне" тағы бір конкурстық іріктеуді өткізу жөнінде тапсырма берді. Конкурсты өткізу барысында мемлекеттік органдардың қажеттіліктерін ескеріп, іріктелетін кандидаттардың санын қысқарту керек екенін айтты.