Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанмен шағын құрамда кездесті.
Ақордадағы ресми жүздесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан бұқаралық ақпарат құралдарының алдына шығып, бірлескен мәлімдеме жасады.Қазақстан президенті бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы стратегиялық əріптестіктің 5-жылдығына орай өткізілгенін айтты.
«Елдерімізді саяси жəне экономикалық мүдделерізбен қатар халықтарымыздың ортақ тарихи тамыры біріктіретінін айрықша ризашылықпен атап өтемін. Ұлы дала көшпенділерінің 100 мыңнан астам ұрпағының басын қосып отырған Мажар қыпшақтарының одағына Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметті лидері болып сайлануы біздің достық және тығыз қатынастарымыздың айқын айғағы», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер барысында өзара іс - қимылдардың саяси, сауда - экономикалық жəне мəдени-гуманитарлық салаларындағы басым бағыттары белгіленгенін жеткізді.
"Биыл 29-30 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында Стратегиялық кеңестің үшінші отырысына қатысу үшін Мажарстан премьер министрінің орынбасары-Қаржы министрі бастаған бизнес делегация өкілдерінің келуі жоспарланған. Бұған қоса, Қазақстан-Мажарстан тікелей инвестициялар қоры тиімді жұмыс жасап келеді. Мажарстан іскерлерін Қазақстанда белсенді жұмыс жасауға шақырамын. Сондай-ақ, мен премьер-министрге қазақстандық студенттерге 250 грант бөлгені үшін алғысымды білдіремін", - деді Президент.
Ал Виктор Орбан Мажарстан Еуропа елдерінің арасында шығысқа ең жақын ел екенін, сондықтан шығыспен байланысты дамытуды қауіп көрмейтінін айтты.
"Төрт жыл бұрын Қазақстанға келгенмін. Сол уақыттан бері өте жақсы өзгерістер болған. Технология, экономика жағынан даму байқалады. Соңғы жылдары Қазақстан - Мажарстан іскерлері белсенді жұмыс атқаруда. Біздің ауыл шаруашылығы саласында ірі инвестициялық жобаларымыз бар. Осы аптаның соңында Мажарстаннан 100-ден астам адамнан құрылған делегация келеді. Олар Қазақстанмен инвестициялық əріптестікті одан əрі нығайтпақ", - деді Виктор Орбан.
Атап өтсек, елімізге ресми сапармен келген Виктор Орбанды Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейде қарсы алды. Президент Ақордаға кірген премьер-министрді Үкімет мүшелерімен таныстырып, өзі де шетелдік министрлермен қол алысты. Қос мемлекеттің əнұраны орындалғаннан кейін Қазақстан басшысы мен Мажарстан премьері салтанатты сап бойын жағалай, қызыл кілеммен жүріп өтті. Қарсы алу рəсімінен кейін Тоқаев пен Орбан шағын құрамда кездесуге кетті.
Еске салсақ, кеше Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин мен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан инвестициялық ынтымақтастықты нығайту келешегін талқылаған болатын.