Тоқаев бірқатар лауазым иелерін қабылдады

24 Наурыз 2019, 15:15
1682
Бөлісу:
Тоқаев бірқатар лауазым иелерін қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Қазақстан Президенті Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттіктің мемлекеттік қызмет саласындағы атқарған жұмыстары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде қабылдаған шаралары туралы баяндалды.

Мемлекет басшысына агенттіктің мемлекеттік органдардағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмыстары және мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін реформалау барысы туралы мәлімет берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін  Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады.

Кездесуде Қазақстан Президентіне сот жүйесін жаңғырту барысы жөнінде баяндалып, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясындағы міндеттердің орындалуы туралы есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды және халықтың сот билігіне сенімін арттыруға бағытталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының биылғы екі айда атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы есеп берілді және Қордың даму стратегиясын жүзеге асыру аясындағы жоспарлары жөнінде баяндалды.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының компанияларын IPO-ға шығару және Қор активтерін жекешелендіру үдерістері жөнінде мәлімделді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.





Өзгелердің жаңалығы