Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «1992 жылғы 13 наурыздағы Салық саясатының келісілген принциптері туралы ТМД мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, хаттаманың негізгі мақсаты – бұл ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тарапынан Келісімнің қолданыс мерзімін ұзарту туралы өтінімнің болмауына, сондай-ақ оның ережелері қазіргі уақыт жағдайының талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты Келісімнің қолданысын тоқтату.
1992 жылғы 13 наурызда ТМД-ға қатысушы 9 мемлекеттің үкіметтері келісімге қол қойды. Келісімнің нормаларына сәйкес тараптар салық салу қағидаттары мен ережелерін біріздендіру негізінде келісілген салық саясатын жүргізуге және Достастыққа кіретін барлық мемлекеттің мүддесін қозғайтын негізгі салықтардың бірыңғай тізбесін қолдануға келіскен болатын. Дегенмен Келісімді тек 4 мемлекет ратификациялады. Келісімге қатысушы 5 мемлекет Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтаған жоқ, - деді Жамаубаев.
Министр атап өткендей, 2017 жылғы 8 қыркүйекте Шолпан-Ата қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің салық қызметтері басшыларының Үйлестіру кеңесінің отырысында Келісімнің қолданысын тоқтатудың орынды екені туралы шешім қабылданған.
Осылайша 2021 жылғы 4 наурызда Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттамаға қол қойылды, - деп толықтырды ол.
Ерұлан Жамаубаев бүгінгі күні салық қызметтерінің шетел мемлекеттерімен, оның ішінде ТМД елдерімен өзара іс-қимылы келесідей халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылатынын атап өтті:
- Страсбург Конвенциясы – бұл қатысушы елдердің салық қызметтері арасындағы Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы Конвенция.
- Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен жасасқан қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенциялар. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында, оның ішінде ТМД-ның барлық елімен 55 Конвенция қолданылады.
Сонымен қатар бұл Хаттаманы ратификациялау біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды. Сонымен қатар республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді.
Сенаторлар Хаттаманы ратификациялау бойынша оң шешім қабылдады.