Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Мәскеуде өткен Достастыққа қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысты.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесуде әлемдегі әскери-саяси жағдай, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдірінің қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлердің ұлғаюы туралы ақпарат тыңдалды.
Достастық елдері Қарулы күштеріндегі авиацияның ұшу қауіпсіздігінің 2021 жылғы жай-күйі туралы деректер назарға алынды. Инженерлік әскерлер үшін мамандар даярлау бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің базалық ұйымы қызметінің мәселелері қаралды.
ТМД мемлекеттері Қарулы күштерін метрологиялық қамтамасыз етуді 2025 жылға дейін жетілдіру жөніндегі бірлескен жұмыстардың бағдарламасы мақұлданды. Сонымен бірге, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің 2023 жылға арналған бірлескен іс-шаралары бекітілді.
Кездесу алдында сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Ресейдің жеке отырысы өтіп, онда Ауғанстандағы жағдай талқыланды.