Мәжіліс Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Келісімге 2022 жылы 14 қазанда Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстан елдері Астанада қол қойған. Мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық күш-жігер мен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру.
Құжат аясында сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқықбұзушылықтар санының одан әрі өсу қатерін еңсеру үшін күш-жігерді біріктіру, ақпарат алмасуды қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту саласындағы өзара іс-қимылды дамыту көзделген, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.
Келісімде сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді іздестіру мен қайтару, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды іздестіру, ұстау және ұстап беру бойынша негізгі бағыттар мен нысандар айқындалған. Бұдан бөлек арнаулы операциялар жүргізу, жедел-профилактикалық іс-шаралар қарастырылады.