ТМД елдері ойындары: Балуандар 5 жүлдеге қол жеткізді

4 Қыркүйек 2021, 10:29
5557
Бөлісу:
ТМД елдері ойындары: Балуандар 5 жүлдеге қол жеткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Алғаш рет жалауы желбіреген ТМД елдері арасындағы спорт ойындарында боз кілем шеберлері бірнеше салмақта кім мықтыны анықтады. Қазан қаласындағы «Ақ Барыс» жекпе-жек сарайында грек-рим күресі бәсекесінде Қазақстан құрамасының қоржынына бес жүлде түсті.

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әуелі 63 килода белдесетін Мадияр Мәулетқанов финалда Беларусь балуаны Глеб Макаренкоға жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Бұл Қазақстан қоржынына түскен алғашқы жүлде болатын.

Осыдан кейін 67 килограмдағы Дінмұхамед Қошқар ақтық сында әзірбайжандық Хасрат Джафаровтан ұтылып, ел қоржынына екінші күміс жүлдені салды.

Ал 77 келіде сынға түскен отандасымыз Расул Жүніс қолаға қол созып, ресейлік Ислам Алиев пен өзбекстандық Муроджон Алимжановтан кейін үздік үштікті түйіндеді.

Сонымен қатар 87 килодағы Мақсат Сайлау да ақтық сында ресейлік Мухаммад Евлоевтан айласын асыра алмай күміс жүлдегер атанды.

Сондай-ақ 130 килода боз кілемге шыққан Асылбек Жәнібекұлы жұбаныш белдесуінде жеңіске жетіп, қола медаль алды. Алтын Беларусь спортшысы Никита Ковальскийді жеңген әзірбайжандық Сархан Маммадовке бұйырды.
Әзірге Қазақстан делегациясы 3 күміс, 2 қола медальмен жалпы командалық есепте төртінші орында келе жатыр.

Өзгелердің жаңалығы