Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау» туралы заң жобасын қабылдады.
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, келісімнің мақсаты - ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал жағдайларында олардың салдарын барынша азайту. Сонымен қатар халықтың денсаулығын, мүлікті және қоршаған ортаны радиоактивті шығарындылар мен иондаушы сәулелену әсерінен қорғау үшін дереу көмек көрсету бойынша тараптардың ынтымақтастығын қамтамасыз ету.
Келісім 2018 жылғы 2 қарашада Астана қаласында қол қойылған.
Бұл келісімге - Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы қол қойған. Бүгінде біз тәжірибе жүзінде коронавирустық эпидемиямен, COVID-19 пандемиясымен және басқа да жұқпалы аурулардың басталуымен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл төтенше жағдайларға тиімді ден қоюды, сондай-ақ көршілес елдердің, оның ішінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің жедел ден қою әрекеттерін үйлестіруді қажет етеді, - деді министр
Ноғаев келісім шеңберінде ядролық авария туындаған немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған жағдайда мамандандырылған авариялық-құтқару құралымдарын, мамандарды, жабдықтарды, көлік құралдары мен осы құралымдарды техникалық жарақтандыру ретінде пайдаланылатын материалдарды трансшекаралық ауыстыру рәсімдерін оңайлату көзделетінін айтты.