Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. Еліміздің сақтандыру нарығы 2018 жылы 385 млрд теңге көлемінде сақтандыру сыйлықтарын жинады, бұл 2017 жылға қарағанда 4 пайызға көп. Бұл туралы “Коммеск-өмір” сақтандыру компаниясы АҚ басқарма төрағасы Олег Ханин брифинг барысында айтты.
Өткен жылы міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықтарының көлемі 102 млрд теңгеге жеткен, 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім 23 пайызды құраған.“2018 жылы сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі 95 млрд теңге болды, бұл алдыңғы жылға қарағанда 7 пайызға жоғары. Сақтандырудың ең белең алатын түрі көлік иелерінің азаматтық құқықтық міндетті сақтандыруы. Бұл ретте төлем көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 68 мыңнан 60 мыңға дейін қысқарған. Алайда орташа төлем 348 мыңнан 368 мыңға теңгеге дейін өскен”,-дейді басқарма төрағасы.
Жиын барысында сондай-ақ, сақтандыру секторы активтерінің көлемі 1 триллион теңгеден асып түсіп, 13% көбейгені айтылды.
“Сақтандыру резервтері көлемі де 13% өсіп, 519 млрд теңгеге жетті. Ал жеке капитал - 468 млрд теңгеге жетті”,-деді О. Ханин.