Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулық жастар мұқтаж екі отбасына баспана алып берді. Айтуларынша, мұндай қайырымдылықты олар дәстүрлі түрде жасап тұрады екен.
Өткен жылы Атырау селолық округіне қарасты Жаңаталап ауылындағы 80 жастағы әжейге үй салып берген едік. Биыл да осы қайырымдылықты жалғасыруды жөн санадық. Мұғалімдеріміз көмекке мұқтаж көп балалы отбасы туралы айтқан еді. Біз барып отбасының жағдайымен таныстық. Мұқтаж екенін көрдік. Содан Дамбы, Жаңаталап, Қызылбалық, Құрманғазы жастары біріктік. Қаражат жинадық. Бұл бастамамызды әлеуметтік желіден көріп, барша қазақстандық қол ұшын созды. "Көп түкірсе көл болады" дегендей біраз қаражат жиналды, - дейді қайырымдылық шараны ұйымдастырушылардың бірі Нұрислам Ғұмар.Жаңа баспанаға көшіп келген көп балалы отбасы ауыл жастарына ризашылығын білдірді.
Игі іс жасап жатқан ауыл жастарына ризамыз. Қуанышымыз шексіз. Жастардың бастамасына атсалысқан барша қазақстандықтарға алғыс айтамыз. Балаларымыз кең үйге келіп қуанып жатыр, - дейді Нұрлы Омарова.
Жанашыр жастар жалғызбасты анаға да баспана алып берді. 4 балалның анасы Анар Қосыбаева қаладағы сауда орындарында еден жуып, нәпақасын тауып жүрген. Тапқан табысы балалардың керек-жарағы мен ас-суынан артылмаған екен. Осылайша атыраулық жастар жалғызбасты анаға да сый жасаған.
Жиналған қаражатымыз жеткілікті болған соң Атырау қаласы Дамбы ауылындағы төрт балалы жалғызбасты анаға екі бөлмелі үй алып бердік. Бәріміз жиналып, үйдің іші-сыртын толық жөндедік, - дейді Нұрислам Ғұмар.Сонымен қатар, жастардың жиған қаражаты ауыл мешітіне көлік алып беруге де жеткен. Оған қоса, сал ауруына шалдыққан 4 бүлдіршінге қаржылай көмек берген екен.