Өткен жылы 4,5 мың адам сапалы ауызсуға қол жеткізді – Даниал Ахметов

19 Ақпан 2020, 12:01
1481
Бөлісу:
Өткен жылы 4,5 мың адам сапалы ауызсуға қол жеткізді – Даниал Ахметов

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы 500 шақырымнан астам жолға орташа жөндеу жүргізіліп, 413 мың шақырым су құбырлары төселді. Осылайша қосымша 4,5 мың өңір тұрғыны сапалы ауызсуға қол жеткізді.

Бүгін өңір тұрғындары алдында есеп берген облыс әкімі Даниал Ахметов 2019 жылы аймақтағы 116 елді мекенге абаттандыру жұмыстарының жүргізіліп, 170 мың ағаш көшеттерінің отырғызылғанын айтты.

Адамдардың өмір сүруі деңгейінің жақсаруы – бұл барлық деңгейдегі атқарушы билік органдары алдында тұрған маңызды міндет. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамту – тұрғындардың ел дамуына баға беретін негізгі критерийлері. Өткен жылы облыста 306 әлеуметтік нысан жөнделсе, оның 294-і білім беру, 11-і денсаулық сақтау, ал біреуі мәдениет саласының нысандары. Сондай-ақ облыстың жергілікті атқарушы органдары қызметінің маңызды бағытының бірі – тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету болып табылады, - деді Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, 2019 жылы іске асырылған 69 жобаның 18-і пайдалануға берілген көрінеді. Осылайша соңғы төрт жыл көлемінде ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі 42-ден 67 пайызға дейін өскен. Сонымен қатар, кіші-гірім 77 елді мекенде блокты-модульдік су тазарту және тарату станциялары орнатылды.

Биыл өңірде 30 сумен жабдықтау және су бұру нысандары мен кіші-гірім 50 ауылда блокты-модульдік су тазарту және тарату станцияларын пайдалануға беру жоспарлануда. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау 76,5 пайызға, ауыл тұрғындарының сумен жабдықтауға деген қол жетімділігі 81 пайызға жетеді, - деп қосты аймақ басшысы. 


 

 

Өзгелердің жаңалығы