Түркістан, BAQ.KZ. Мақтаарал ауданында жылына 70 трактордың тіркемесін шығаратын өндіріс орны іске қосылды.
Мемлекеттік грантпен ауданда алғаш рет іске қосылып отырған шағын зауыттың ашылу салтанатына Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов пен еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары мен көршілес аудандардың кәсіпкерлері, шаруалары қатысты.
Жиынға қатысушылар заманауи үлгідегі жаңа тіркемелердің жасалуы мен құрастырылу цехтарын аралап, зауыттың жұмысымен танысты.
Өз идеясының халыққа тиімді екенін дәлелдеп, мемлекеттен қайтарымсыз 225 миллион теңге грант жеңіп алған Нұрлан Нұрбеков аграрлы аймаққа қажетті тіркемелерді шаруаларға тиімді бағада шығаруды көздеп отыр.
«Еліміз бойынша қазіргі қолданыста жүрген тракторлардың 65 пайызы, комбайндардың 46 пайызының пайдалану мерзімі 17 жылдан асқан. Сондай-ақ, тракторлардың 15 пайызы қазірдің өзінде істен шықса, 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндар және басқа да қосалқы техникалардың жағдайы да осындай. Ал, ескі техникаларды пайдалану шығынды көбейтеді және егінді толық жинап алуға мүмкіндік бермейтіні айдан анық. Осы олқылықтарды жою үшін мемлекетіміз тарапынан техникаларды жасаушы отандық кәсіпорындарды қолдау шаралары белгіленді. Солардың қатарында отандық техника жасаушыларға өз өнімдерін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге арзандатып сату үшін субсидиялар беру, қосымша құн салығынан жеңілдіктер жасау, гранттар беру сияқты жұмыстар атқарылуда. Міне, мемлекет тарапынан берілген осындай көмектің арқасында ауданымызда трактордың тіркемиелерін шығаратын шағын зауытты іске қосып отырмыз» - деді Бақыт Насырханұлы.
Бүгінде шағын зауытта 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 3D қондырғылардың арқасында қажетті торлы сымдар мен қаңылтыр жасап шығарылып, көлемі 8 тоннадан аса жүк сиятын трактор тіркемелері құрастырылуда. Қазірдің өзінде кәсіпорын 10 трактор тіркемесіне тапсырыс алыпты.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қажетті соқалар мен тырмаларға т.б. техникаларға қажетті қосалқы бөлшектерді жасау үшін де шетелден әкелінген қондырғылардың пайдасы зор.
Зауыты басшысының айтуынша, алдағы уақытта тағы он адамды жұмысқа қабылдап, тіркемелер санын арттыру жоспарланып отыр.
Енді шағын зауыттың арқасында ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуден өткізіп, ескілерін қайта қалпына келтіруге болады.