Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет пен Ұлттық банк инфляциямен күресте бір команда болып жұмыс істеуі керек деген сөзіне түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент қазіргі экономикалық жағдайдың басты мәселесін дәл атап өтті – бұл жоғары инфляция. Иә, экономика өсіп жатыр, биыл ІЖӨ 6,5%-ға артты. Бұл – соңғы 14 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Алайда бұл өсім жоғары инфляциямен қатар жүріп отыр. Ал егер халықтың нақты табысы өспесе, экономикалық өсімнің мәні азаяды. Сондықтан инфляцияны төмендету – ортақ міндет, – деді ол.
Сүлейменовтің айтуынша, бұл бағытта Үкімет пен Ұлттық банк арасында қайшылық жоқ.
5% деңгейіндегі инфляция – Ұлттық банктің жеке мақсаты емес, бұл бүкіл мемлекеттік аппараттың міндеті. Ол Президент белгілеген мақсат, сондықтан оны орындау бәрімізге ортақ жауапкершілік. Қаржы реттеушісінің қолында монетарлық тетіктер болса, Үкімет инфляцияның беймонетарлық факторларымен жұмыс істейді – яғни, ішкі өндірісті арттыру, импортқа тәуелділікті азайту секілді бағыттар, – деп түсіндірді ол.
Ол инфляциямен күресте үйлесімді әрекет пен нақты басымдықтар қажет екенін айтты.
Екі фронтта қатар жұмыс істемей, нәтиже күту қиын. Қазір басты басымдық – инфляцияны тежеу. Себебі бұл – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселе. Сондықтан Үкіметпен бірлесіп, осы бағытта бар күшімізді саламыз, – деді Ұлттық банк төрағасы.