Халықаралық волонтерлер форумының панельдік сессиясына қатысқан режиссер Тимур Бекмамбетов әлем халқы трансформация кезеңінде өмір сүріп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлемдік цифрлық трансформация жұмысымызға, болашақты жоспарлауымызға да қатысты. Экономика саласы трансформацияға жылдам бейімделіп жатыр. Жылдар бойы шығармашылық деп саналған қызмет бүгінде басты экономикалық драйверге айналды. Қазір контент жасау – мұнай өндіруден құнды болып барады, - деді ол.
Бекмамбетов оны қазіргі контент жасайтын компаниялар мен әлеуметтік желілердің қаражатынан аңғаруға болатынын айтты. Оның сөзінше, аталған компаниялар мұнай, металлургия және машина жасау компанияларынан қымбат әрі құзырлы.
Креативті индустрия экономиканың дәстүрлі түріне қарағанда екі есе жылдам дамып жатыр. Біз фильм түсіріп, контент жасайтын маман ретінде кадр тапшылығына тап болып жатырмыз. Себебі экономика біз кадр әзірлеп, маман дайындағаннан жылдам дамып жатыр, - деді режиссер.
Тимур Бекмамбетов бір кино жасау кезінде әлемде аниматорлар саны аз екенін байқағанымен де бөлісті. Сондықтан маман әзірлеумен айналысатын әріптестеріне ұсыныс жасағанын айтты.