Тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құралы ретінде жетілдіруді қамтамасыз ету керек

5 Қаңтар 2021, 17:02
1613
Бөлісу:
Тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құралы ретінде жетілдіруді қамтамасыз ету керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл - тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым, дейді ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев.

Оның ойынша, Мемлекет басшысының  бүгінгі «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы басым бағыттардың бірі – мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуды басты назарда ұстау, қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту болып қала бермек.

Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда, мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр. Жұмыс беруші қазақ тілін жетік меңгеру мәселесін басты назарда ұстайды деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі қоғамда жастардың белсенділігі жоғары. Жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу жемісін береді деп ойлаймын. Басшылық қызмет, мемлекеттік қызметкерлерге, депутаттыққа үміткерлерге мемлекеттік тілді жетік меңгеруді міндеттеу керек, - дейді ол.

Қанат Төсекбаев мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды жан-жақты қамтамасыз ету қажет екенін айтады.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Қазіргі таңда өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидарымыз 90-жылдарға қарағанда әлдеқайда «қазақша сайрап тұр» десек болады. Бұл мемлекеттік тіл мәртебесінің асқақтағаны. Бұл - осы уақытқа дейін барлық мүмкін болар оңды-солды жағдайды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі. «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, тілдің болашағын сақтау - баршаның міндеті. Қазіргі жаһандану кезеңінде елдің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды жан-жақты қамтамасыз еткеніміз абзал, - дейді ол.



Өзгелердің жаңалығы