«Тіл шебері» республикалық онлайн байқауының жеңімпаздары анықталды

16 Қыркүйек 2020, 18:23
3598
Бөлісу:
«Тіл шебері» республикалық онлайн байқауының жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы тілдері» іс-шарасы аясында өткен «Тіл шебері» республикалық онлайн байқауы өз мәресіне жетті.

Шет елдермен халықаралық байланыс артқан сайын, көп тіл білетін жас ұрпақ тәрбиелеу қажеттілігі де күн тәртібіне шыға береді. Бұл байқаудың басты мақсаты - жаһандық өркениет пен еліміздің даму бағытына сай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, жан-жақты білімді жастарды анықтап, қолдау көрсету. Бірақ бір нәрсені баса айтқым келеді, ана тілің әрқашан биікте тұруы керек. Өйткені, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады». Ғалымдардың есептеуінше, әрбір он төрт күн сайын бір тіл жоғалып отырады екен. Сырттан ешкім келіп, тыйым салып жатқан жоқ. Қолданыс аясы кемігендіктен өрісі тарылады. Сол секілді күнделікті тұрмыста қазақ тілін екінші кезекке ысыра берсек, қолданыстан еріксіз шығатын сөз қатары көбейе береді. Сондықтан ана тіліміздің абыройын асқақ алып жүріңіздер, - деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.

Жастар додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 16 үміткер қатысты.

Байқаудың әр кезеңіне кәсіби сараптама жасап, баға беру үшін құрылған қазылар алқасы талантты жастар қатары өсіп келеді жатқанын атап өтті. Олардың пікірінше, жарысқа түсушілер ағылшын тілін жақсы меңгерген, ал ана тілінде эссе жазу барысында шұрайлы ойын шырайлы етіп анық бейнелей білді.

Шара модераторы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталық директорының орынбасары Айдос Тұрсынбайұлы Әбдіхалық жастармен экспресс-сұқбат ұйымдастырып, олардың еліміздегі тілдік ахуал бойынша өзара пікір алмасуға мүмкіндік жасады. 

Қазылар алқасының шешімі бойынша Бас жүлде қостанайлық Кеулхосов Сүлеймен Берікбайұлының қанжығасына байланды.

Бірінші орынға Алматы қаласынан Абзалбек Әділхан ие болды. Екінші орын Алматы облысының тұрғыны Жақсыбаев Қанат Абайбекұлына бұйырды.

Үшінші орынды Шымкент қаласынан Бекболатова Ақерке Ержанқызы мен Қарағанды облысынан Оралбеков Әмірхан Саятбекұлы бөлісті. Жүлделі орынды иемденгендерге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің дипломы табысталды.

Бұдан басқа белсене қатысқаны үшін Ақтөбе облысынан Қартжан Нарқозы Есенкелдіұлы, Павлодар облысынан Мусина Мақпал Еркінқызы, Жамбыл облысынан Сәрсенбаев Алдияр Бауыржанұлы арнайы сыйлық және Алғыс хатпен марапатталды. 

Өзгелердің жаңалығы