Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өтіп жатқан тіл мамандарының конференциясына қатсыушылар латын негізді әліпбидің жаңа нұсқасын бірауыздан қабылдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әліпбиді жетілдіру керек деген тапсырмасына орай мамандар латын әліпбиінің бұған дейінгі нұсқасына тағы да 4 таңбаны қосқан.
Мамандардың айтуынша, олардың барлығы кірме дыбыстарға қатысты іске асырылған.
Біздің төл дыбыстарымыз бар болғаны 28 ғана, бұрынғыдай 42 емес. Біз осы 28 дыбысқа 28 таңба алдық. Алайда, біздің қоғамда орыс сөзіне әбден үйренген адамдар бар арамызда. Солар "футболды не деп жазамыз, вагонды не деп айтамыз" деген соң, амал жоқ тағы төрт таңбаны кіргізіп отырмыз. Ол "ч", "в", "ф" одан кейін "h" таңбасы. Бір шешімге келу үшін бір жағына көну керек, - дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, профессоры Әлімхан Жүнісбек.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бұл жиында тіл мамандары тағы да басып қосып, латын әліпбиі төңірегіндегі өздерінің ортақ жобаларын қайтадан қарар түрінде қабылдап жатқандарын жеткізді.
Бұл жоба өте қарапайым. Орыс тілінде біздің кейбір дыбыстарымыз таңбаланбаған. Өйткені оларда ондай дыбыс болмаған. Мәселен W уе-дыбысымыз. Оны біресе В мен, бірде У мен берген. Яғни бірде дауысты, бірде дауыссыз болып келді. Ал бізде W деген дауыссыз дыбыс. Taw, аwa, sawap дегендегі уе-дауыссыз дыбыс, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол бұған дейін біз 42 таңбаны пайдаланып жазып келгенімізден қате жазу етімізге сіңіп кеткенін, олардан бірте-бірте арыламыз деген ойын білдірді.
28 таңбаға әзірше Ф, В, Ч таңбаларын кіргізіп отырмыз. Оларды алып тастауға ешқандай қиындық жоқ. Қазақ чемпионды-шемпион десе ештеңе өзгере қоймас. Бізде қосарлы таңбалар болмау керек, олар түркі тілдеріне тән емес, - дейді Ерден Қажыбек.
Сөз арасында ол дәстүрлі тәсілдерді пайдалансақ деген ұсыныстары бар екенін айтты.
Мысалы, опостров, акут дегендердің латын тілдерінде өздерінің қызметтері бар. Ал мына ә-ө, ұ-ү дегендерді білдіретін екі нүкте жоғарыдан қойылады. Оны түріктер, немістер пайдаланады, сондай үйреншікті дәстүрлі тәсілдерді пайдалана отырып, біздің жазғанымызды шетелдіктер де, түркі елдері де оқи алатындай қарапайым, нақты әдісті қолдану керек, - дейді ол.
Оның айтуынша, егер әліпби дұрыс болса түсіндірме жұмыстары көп уақытты алмайды. Кем-дегенде бір айда ел тез үйреніп кететін көрінеді.