Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тікұшақ апатында қаза тапқан ұшқыштың жары: "Батыр ұшқышым, мәңгілікке ұшып кеттің"

13 Тамыз 2025, 19:07
473
Бөлісу:
 Қорғаныс министрлігі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Сорбұлақ су қоймасына құлаған тікұшақта көз жұмған экипаж командирінің көмекшісі, капитан Аман Нұрланұлы Амангелдінің жары әлеуметтік желіде жүрек тебірентер жазба жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Саған шексіз ризамын, жаным. Батыр ұшқыш! Отан алдындағы борышын атқарып жүріп, мәңгілікке ұшып кеттің, – деп жазды ол.

Белгілі болғандай, ұшқыштың денесі су астынан табылған. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 12 тамызда оның мүрдесі анықталды.

Тікұшақ апатында қаза тапқан ұшқыштың жары: "Батыр ұшқышым, мәңгілікке ұшып кеттің"
Фото: Қорғаныс министрлігі

Капитан Амангелді – тәжірибелі ұшқыш, қиын метеожағдайларда бірнеше мәрте жаттығу жасап, түрлі деңгейдегі оқу-жаттығулар мен арнайы операцияларға қатысқан. Қызметінде жоғары тәртіптілігімен, мінсіз беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы жалпы ұшу уақыты 295 сағат болған.

Бұған дейін "Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды" деп жоғалған тікұшақтағы жас ұшқыш Аман Амангелдінің жары жұрттың жүрегін елжіреткен еді.

Еске салсақ, 25 шілде күні ҚР Қорғаныс министрлігінің Әуе күштеріне тиесілі EC-145 "Еурокоптер" әскери тікұшағы Жамбыл облысы, Отар ауылы маңында радардан жоғалып кеткен. Бортта үш экипаж мүшесі болған. Бұл тікұшақ шамамен 2020-2021 жылдары қару-жарақ қатарына алынған.

Іздеу жұмыстарына дрондар, эхолоттар және 13 жүзу құралы жұмылдырылды. Сорбұлақ көлінің акваториясы мұқият тексеру үшін секторларға бөлініп, қосымша техника мен қайықтар тартылды. Операцияға бірнеше өңірден әскери бөлімдер, ТЖМ және ІІМ күштері қатысты.

Жоғалған тікұшақ экипажын іздеу күрделі гидрографиялық жағдайларда тоқтаусыз жалғасқаны жайлы да жаздық.

9 тамыз күні Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінде жүргізілген су астындағы іздеу барысында ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшілері шамамен 14 метр тереңдіктен тікұшақтың кейбір фрагменттерін және бір адамның денесін тапты. Ал 10 тамызда тікұшақ апатында қаза тапқан екінші әскеридің денесі табылды.

Сорбұлақтағы тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери Нұржігіт Үйсінбаевтың анасы "Ұлым аспанда қалықтап жүруді армандады" деп, баласы туралы естеліктерімен бөлісті.

Павлодар облысында 32 жастағы майор Бахтияр Ержігітовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

Өзгелердің жаңалығы