Тікұшақ алаңы да бар: Қоянды ауылында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

Нысан Қазақстан құтқарушылары қорының қаражаты есебінен тез құрастырылатын конструкциялардан салынған.

 ТЖМ телеграм каналы 25 Қазан 2026, 21:14
25 Қазан 2026, 21:14
115
Фото: ТЖМ телеграм каналы
 
Ақмола облысының Қоянды ауылында тікұшақ алаңы бар жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. Бөлімшенің жұмысын Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов бастады. Бұл – өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған заманауи базаны құрудың бірінші кезеңі. Жаңа өрт сөндіру бөлімі алты бірлік техникаға арналған және шамамен 30 мың адам тұратын сегіз елді мекенді қорғайды.

Кешен аумағында төтенше жағдайлар кезінде құтқару авиациясын тартуға арналған тікұшақ алаңы орналасқан. Мұнда субұрқақтары, күркесі, барбекю алаңы мен жылқы мүсіндері бар демалыс орындары жабдықталған. Ғимаратта кезекші қарауылдарға арналған бөлмелер, оқу сыныбы, ас үй, жатын бөлмелер және психологиялық жеңілдеу бөлмесі қарастырылған. Жеке құрамның тәулік бойы қызмет атқаруына, дайындық жүргізуіне және демалуына қажетті жағдайлар жасалған.

Салтанатты рәсім барысында ТЖМ басшысы жаңа депоның жабдықталуымен және өрт сөндірушілердің қызмет ету жағдайларымен танысты. Ашылу рәсімі құттықтаулармен, ізгі тілектермен және ведомстволық наградаларды табыстаумен жалғасты. Нысанның құрылысына қосқан үлесі үшін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, кәсіпкерлер, ТЖМ қызметкерлері мен ауыл тұрғындары марапатталды. Жаңа өрт сөндіру бөлімінің символикалық кілтін министр №33 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Сұлтан Такишевке табыс етті.

Бірінші кезең аяқталып, жаңа өрт сөндіру бөлімі өз міндеттерін орындауға кіріседі. Алда күнделікті кезекшілік, жаттығулар мен шақыртуларға шығу жұмыстары күтіп тұр. Қоянды және көршілес ауылдардың тұрғындары үшін бұл өрт сөндіру бөлімшелерінің жақын орналасып, төтенше жағдайлар кезінде көмектің жылдамырақ жететінін білдіреді. Депоның ашылуы Целиноград ауданындағы өртке қарсы қызметті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты.

Наверх