TikTok әлеуметтік желісінде қызбен танысқан жігіт, денсаулығының нашар екенін алға тартып, одан ақша алған соң хабарсыз кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл аудандық соты қарыз өндіру туралы істі қарады.
Істің материалдарына сәйкес, талап қоюшы мен жауапкер 2025 жылдың маусым айында TikTok әлеуметтік желісінде танысқан. Кейін жігіт қызға қиын жағдайға тап болғанын айтып, бірнеше рет қарызға ақша сұраған. Ол Түркияға ота жасатуға баратынын айтып, елге оралғаннан кейін ақшаны қайтарамын деп уәде берген.
Жігітке көмектескісі келген қыз оған 1,4 млн теңгеден астам ақша берген. Алайда ақшаны алған соң жігіт байланысқа шықпай қойған.
Талап қоюшы соттан қарыз сомасын өндіруді және 1 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы тағайындауды сұрады.
Істі қарау барысында тараптар дауды медиация тәртібімен шешу туралы келісімге келді. Құжатқа сәйкес, жауапкер Жамбыл облысының тұрғынына 1,4 млн теңге қарызын қайтаруға міндеттелді. Ал талап қоюшы қосымша талаптардан бас тартты, - деп жазылған Жамбыл аудандық сотының хабарламасында.
Сот келісімді бекітті, іс өндірістен қысқартылды. Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.