Тиісті деңгейде емес. Аймағамбетов психологтарды дайындау туралы айтты

21 Сәуір 2023, 16:43
973
Бөлісу:
Тиісті деңгейде емес. Аймағамбетов психологтарды дайындау туралы айтты
Фото: azh.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов комитеттің отырысында зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты қолға алынатын шараларды айтып, психологтардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

19 мамырдан «Қылмыстық және әкімшілік» Кодекске енгізілген өзгерістер заңды күшіне енеді. Соның ішінде 10, 15, 20 тәулікке отырғызу нормасы бар. Сонымен қатар татуласу бойынша норма болады.

Бұған дейін өтініш бойынша жауапқа тартатын болса, енді өтініш болмаса да, бірақ нақты зорлық-зомбылық фактісі болса, тиісті жауапкершілікке тарту нормасы енгізіліп жатыр. Сондықтан 19 мамырдан бастап Кодекстің іске асырылуын көреміз, - деді депутат.

Аймағамбетов зорлық-зомбылықтың себеп-салдарымен де жұмыс істеу керегін айтты.

Бір жағынан психологиялық оңалту, екінші жағынан әлеуметтік оңалту мәселесін қолға алуы керек. Өйткені себептерімен күресуіміз бар. Кәмелетке жетпегендер бойынша инспекторлар саны көбейгені айтылды. Бірақ осы инспекторлар қазіргі уақытта мектептерден алшақтады. Осы мәселені де қайта қарау керек. Кезінде олар күрделі мектептерге барып, директормен, сынып жетекшілермен жұмыс істейтін. Қазіргі уақытта олар мектепте жоқтың қасы. Өздері бөлек жұмыс істеп жатыр, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар комитеттің бүгінгі отырысында психологтардың жұмысы туралы да пікірлер айтылды. Депутат Асхат Аймағамбетов осы мәселеге қатысты да ойын қоса кетті.

Психологтардың мектептегі штаты жайлы сөз қозғалды. Олардың жалақысы, біліктілігін арттыру және университетте даярлау мәселесі бойынша депутаттардың берген ұсынысын қабылдап, жұмыс істеу керек. Өйткені психологтар аз. Әлеуметтік педагогтер бойынша мәселелерді де комитеттің ұсынымдарына енгіземіз. Сонымен қатар агрессорлармен жұмыс істейтін психологтар бар ма? Олар дайын ба? Оларды қай университеттер дайындап жатыр? Осындай сұрақтарға жауап айтарлықтай тұщымды болмайды, - дейді депутат.

Аймағамбетовтің айтуына қарағанда, елімізде ондай мамандар өте аз. Оларды ЖОО-да дайындау мәселесі тиісті деңгейде қолға алынбаған. Депутат атап өткендей, агрессорлардан бөлек, құрбандармен де жұмыс істей білу қажет.

Құрбандармен айналысатын мамандар бар ма? Олардың әдістемесі бар ма? Қаржысы бар ма? Бүгін осындай сұрақтарға жауап ала алмадық. Әлімжеттік мәселесі - қылмыстық ортадан келген түсінік. «Егер сені ұрып-соғып жатса, ешкімге айтпа. Өйткені ол ұят» дейді. Бұл – ұят емес. Балаларымызға құқығың бұзылса, ұрса, соқса, міндетті түрде ата-анаңа, психологқа, мұғалімге айту керегін түсіндіруіміз керек. Телеарналардың жұмысына қатысты да ұсыныс айтылды. Оны қолға алу керек, - деп толықтырды Аймағамбетов сөзін Мәжілісте.

Өзгелердің жаңалығы