Threads-тегі таныстық: "Романтиктерден" не күтуге болады?

Әлеуметтік желілердегі танысу туралы жазбалар алаяқтық болуы мүмкін

 pixabay 20 Ақпан 2026, 14:20
20 Ақпан 2026, 14:20
1276
Фото: pixabay

Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды онлайн-танысу кезінде мұқият болуға және құқыққа қарсы әрекеттер туралы дер кезінде хабарлауға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында «әйел іздеймін», «күйеу іздеймін», «салмақты қарым-қатынас іздеймін» деген мазмұндағы жарияланымдар жиі кездесуде. Мұндай жазбалардың артында шынайы қолданушылармен қатар алаяқтар да болуы мүмкін.

Қаскөйлер өздерін тартымды қыз немесе жігіт ретінде таныстырып, белсенді түрде хат алмасуға шығады, көңіл бөліп, қысқа уақыт ішінде сенімді қарым-қатынас орнатады. Уақыт өте келе әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласуы ықтимал. Алаяқтық әрекеттер әдетте кезең-кезеңімен жүзеге асырылады:


– белсенді қарым-қатынас орнату және эмоционалдық байланыс қалыптастыру;
– өмірлік қиын жағдай, ауру, шұғыл шығындар немесе тиімді инвестиция туралы әңгімелеу;
– ақша аударуды сұрау, оның ішінде шетелдік криптоәмияндарға немесе үшінші тұлғалар арқылы;
– қаражат алынғаннан кейін байланысты үзу немесе бұғаттау.

Егер әңгімелесуші ақша аударуды сұраса, бейнеқоңыраудан және жеке кездесуден жалтарса, басқа адамдарға тиесілі болуы мүмкін фотосуреттерді пайдаланса — сақ болу қажет, - дейді полиция қызметкерлері. 

Ұсынылады:
– интернет арқылы танысқан адамдарға ақша және жеке деректер бермеу;
– жеке фотосуреттер жібермеу;
– күмәнді сілтемелерге өтпеу;
– әңгімелесушінің парақшасы мен мәліметтерін тексеру;
– күмән туындаған жағдайда байланысты тоқтату.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында онлайн таныстықтан кейін қызбен кездесуге барған жігіт бопсалаушылардың құрбаны болды. 

Наверх