Тез байып кетудің жолы қандай? – Қаржы сарапшысынан кеңес

7 Сәуір 2025, 15:58
722
Бөлісу:
Тез байып кетудің жолы қандай? – Қаржы сарапшысынан кеңес
Фото: Нұркен Алишев - архив

Ақшамызды қалай басқарсақ, тез байып кете аламыз? Ақшаны қалай және қайда жинауға болады? Қаржы сарапшысы Гүлнұр Нұрланқызы қазақстандықтар кеңес айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тез байып кету деген түсінік болмауы керек. Ол – қате түсінік. Қазір адамдарды тез байып кетуге әлеуметтік желілердің, әсіресе Instagram-ның жылтыры баурап қойған. Онда тек өтірік картина. Себебі баю ол еңбекпен, тәртіппен, жалпы тұрақты еңбекпен келеді. Сіз аяқасты бір-екі ережені ұстап, екі-үш айдың ішінде немесе бір жылдың ішінде байып кете алмайсыз. Иә, сіз бір жылдың ішінде қаржылық жағдайыңызды жақсартып алуыңыз мүмкін. Бірақ аса байып кетпейсіз, - деді сарапшы.

Гүлнұр Нұрланқызы қаржылық жағдайды жақсартып, ақшаңызды көбейту үшін ең алдымен кіріс-шығысты есептеп, табысыңыз тұрақты шығынды жауып тұратындай болуы керек. Яғни сіз қарыз алмайтындай жағдайға жетуіңіз керек.

Екіншіден, "қауіпсіздің қалтасын" жасап алуыңыз керек. Оған 3-6 айдың ақшасын жинайсыз.

Мысалы, ай сайын коммуналдық қызметке, балабақшаға, азық-түлікке, қыдыруға 300 мың теңге қажет болса, онда сіз кемінде 900 000-1 800 000 теңге жинап қоюыңыз керек. Оны банктің сізге ыңғайлы депозитіне салып қойған дұрыс. Себебі аяқасты жағдай болған кезде отбасыңыз қиналмай өмір сүре алуы үшін оны шешіп ала аласыз. Осыны қалыптастырып алғаннан кейін инвестицияға көшсек болады. Бірақ "қауіпсіздік қалтасы" жоқ кезде аз-маз ақшамен инвестиция жасаудың қажеті жоқ. Себебі инвестиция – күйіп кетуі де мүмкін дүние. Тіпті ол бірден табыс бермеуі де мүмкін, - деп түсіндірді сарапшы.

Ол мынадай кеңес айтты:

1. Қарыздардан толық құтылу;
2. "Қауіпсіздің қалтасын" жасау;
3. Артық ақшаны инвестицияға құю.

Инвестицияны ұзақмерзімді бағалы қағаздардан бастауға болады. Себебі ол жерде тәуекел деңгейі төмен. Өзіміздің қазақстандық банктердің, ұлттық компаниялардың акцияларынан, мемлекеттік облигациялардан бастауға болады. Ол кейін жақсы табыс әкелуі мүмкін. Оған қоса бізде инвестицияны мүлікке жақсы құяды. Расымен, үлкен қалаларда мүлік жақсы өседі. Сондықтан мүлікті де инвестиция ретінде қарастыруға болады, - деп айтты Гүлнұр Нұрланқызы.

Сарапшы алтынды да инвестиция ретінде қарастыруға болатынын айтты. Сөзінше, қазір банктер құйылған алтындарды сатады. Қазір алтын тез өсіп жатыр. Ол ешқашан құнын жоғалтпайтын металл.

Бұған дейін Гүлнұр Нұрланқызы "Неге несиесіз өмір сүре алмаймыз?" және "Тамақты несиеге алу дұрыс па?" деген сұрақтарға жауап берген болатын. 

Сондай-ақ қаржылай сауатты болудың жолдарын да сілтеді. Сарапшының айтуынша, елімізде бірнеше миллион адам кедейлікте өмір сүріп жатыр

Сонымен бірге Гүлнұр Нұрланқызы қарыздан құтылудың ең жылдам жолын айтты

Өзгелердің жаңалығы