Tesla Еуропада жүргізушіге көмек көрсететін жетілдірілген жүйесін (FSD – Full Self-Driving) іске қоса бастады. Бұл технологияны алғаш болып Нидерланды пайдалануға мүмкіндік алды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Компания мәліметінше, жүйе қалалық көшелерде, тас жолдарда және тұрғын аудандарда көлікті жүргізуге көмектеседі. Ол жолақ ауыстыру, бұрылу, кедергілерді айналып өту және автоматты тұраққа қою сияқты функцияларды орындай алады.
Алайда Tesla технологиясы толық автономды жүйе емес. Жүргізуші кез келген сәтте басқаруды өз қолына алуға дайын болуы тиіс.
Илон Маск компаниясы бұл жүйені жылдар бойы дамытып келеді. Дегенмен сарапшылар мен реттеуші органдар қауіпсіздік мәселелеріне байланысты сақтық танытуда. АҚШ-та жүйеге қатысты тексерулер әлі де жалғасып жатыр.
Tesla-ның жаңа автопилоты Еуропаның басқа елдерінде де реттеуші органдардың мақұлдауынан кейін енгізілуі мүмкін.