Қазақстанның соңғы жаңалықтары

«Террорсыз Түркия»: Анкарада 15 шілде оқиғасын еске алды

17 Шілде 2025, 17:59
1698
Бөлісу:
 Anadoly Ajansi
Фото: Anadoly Ajansi

15 шілде Түркияда «Демократия және бостандықты қорғау күні». 2016 жылдан бері бұл дата мемлекеттік деңгейде аталып өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ресми Анкараның мәліметінше, 2016 жылы 15 шілде түні «FETO» ұйымының көшбасшылары елде әскери төңкеріс жасап билікті басып алмақ болады. Әскерилер мен халықтың текетіресі салдарынан 253 адам қаза тапқан, екі мыңнан аса адам жарақат алған. Ердоған билігі ұйымдастырушыларды қатаң айыптап, жойғыш ұшаққа дейін жұмылдырылған шабуылды «жаулардың террорлық әрекеті, сатқындық» деп бағалайды. Оқиғадан кейін билік жаппай «тазарту жүргізді», 16 мың адам ұсталып, 50 мың мемлекеттік қызметкер жұмыстан шығарылған деген ақпарат бар.

Атаулы күнге арналған мемлекеттік шараларға қатысу үшін Астанадан Анкараға келдік. Түркия Президенті әкімшілігінің коммуникация басқармасы ұйымдастырған медиа-бағдарламаға Қазақстаннан – 5 журналист, жалпы әлемнің 41 елінен 200-ге тарта БАҚ өкілі жиналған екен.

«Террорсыз Түркия»: Анкарада 15 шілде оқиғасын еске алды

Бізге алдымен көрсеткені – 15 шілде құрбандары мен тарихына арналған «15 шілде құрбандары және демократия» музейі. Музейде бейне және аудиоэффектілер арқылы жасалған мультимедиалық көріністер сол күнді хронологиялық ретпен көз алдыңа әкеліп, атмосфераны сездіреді. Деректі фильмдер көрсетіледі. Көтеріліс құрбандарына арналған мемориал тақта, ескерткіштер, әскери экспонаттар арқылы келушілерді төңкеріс жайлы барынша ақпараттандыруға тырысқан.

Музей 2021 жылы ашылған. Ғимарат аумағы 7635 шаршы метр. Түркия билігінің 15 шілде оқиғасын осындағы экспонаттар мен видеодеректер арқылы барынша халық жадына сіңіріп, ел басшылығының саясатын айқын көрсетуге тырысқаны байқалады.

Мерекеге арналған негізгі іс-шара Түркия Парламенті ғимаратында Президент Реджеп Тайып Ердоғанның қатысуымен өтті. Құрбандарға Құран бағышталып, үнсіздік жарияланды. Ердоған өз сөзінде 2016 жылғы 15 шілде түніндегі оқиға ер бірлігін көрсеткен шешуші сәт болғанын айтты.

«Террорсыз Түркия»: Анкарада 15 шілде оқиғасын еске алды

FETÖ – бұл жай ғана діни ағым емес, бұл – ішкі және сыртқы сатқындардың біріккен жобасы. 15 шілде – олардың бетпердесі сыпырылған түн болды. Кейбіреулер бұл оқиғаны «қойылым» деп атады. Бірақ шындық халықтың қанымен және ерлігімен жазылды. Біз бұл сатқын құрылыммен күресті жалғастырып келеміз. Олардан тазарту жұмыстары әр салада жүріп жатыр. Мемлекетіміздің ешқандай сатқынға жол бермейтінін тағы да дәлелдедік. Бір нәрсені анық және нақты түрде айтқым келеді: шейіттеріміздің жанқиярлығы зая кетпеді және кетпейді де. Біз құрып жатқан террорсыз Түркия – дәл солардың еңбегінің жемісі болмақ. Еліміз жарты ғасырлық террорлық бұғаудан арылған сайын, барлық салада қайта өрлеуге бет алады. Экономикада, даму жолында, ішкі және сыртқы саясатта жаңа дәуір басталады. Террорсыз Түркия – террорсыз аймаққа апаратын жолдың кілтін ашады. Түркия Ғасырының құрылу үдерісі одан әрі үдей түседі. Көпполюсті әлемде Түркия жаңа полюс ретінде лайықты орнын иеленеді, - деді ол жиналғандардың алдында.

Іс-шаралар легі 16 шілде күні Түркия Президент әкімшілігінің коммуникация орталығындағы «Естелік. Әділдік және Келешек» («15 Temmuz: Hafıza, Adalet ve Gelecek») атты панельдік сессиямен жалғасты.

Мұнда Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз сөйлеп, мемлекеттік құрылымдарды «сатқындардан тазалау» әлі жүріп жатқанын жеткізді. Ал 15 шілде оқиғасы 1960 жылдан бері дайындалған ішкі жаулардың қастандық әрекетіне нүкте қойды, - деді ол.

Демократия күніне арналған шаралар Стамбул қаласында жалғасты.

Абай Сейфуллаұлы, Анкара, Түркия

Өзгелердің жаңалығы