Терроризмге қатысты жалған ақпарат таратудың салдары қандай

6 Қыркүйек 2024, 01:24
312
Бөлісу:
Терроризмге қатысты жалған ақпарат таратудың салдары қандай
Фото: gov.kz

Терроризмге қатысты қылмыстарды жасағаны үшін 2022 жылдан бері елордадағы соттар 33 адамға қатысты 26 істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Соның ішінде терроризм актісі туралы жалған ақпарат хабарлағаны үшін сотталғандар да бар. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқарма бастығының орынбасары Мадияр Игенов елордадағы коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлім етті.

2024 жылы 18 ақпанда азамат Б. дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлап, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді беру мақсатында Астана қалалық ІІБ жедел басқару орталығының «102» арнасына телефон соғып, белгісіз әйелді ойлап тауып, оның үйінде террористік акт жасалатыны туралы қасақана жалған ақпарат хабарлаған.

Жоғарыда аталған әрекеттері үшін азамат Б-ға 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

Сол сияқты азамат А. мас күйінде ұялы телефонынан «112» арнасына қоңырау шалып, спорт кешені ғимаратының жанындағы контейнерге бомба қойылғаны туралы көрінеу жалған ақпарат берген. Осылайша, ол терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпаратты хабарлап, өз әрекетімен әкімшілік жауапқа тартылды.

Сот үкімімен азамат А-ға да 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 115 795 теңге сома мөлшерінде ПБ-ның пайдасына сотпен өндірілді.

Прокуратура азаматтарды терроризм актісі туралы арнайы қызметтерге көрінеу жалған ақпаратты хабарламауға, терроризмді насихаттамау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырмауға, террористік топтар құрмауға және оларға қатыспауға, сондай-ақ терроризм саласындағы заңмен тыйым салынған өзге де қызметке жол бермеуге шақырады, - деді Мадияр Игенов.

Өзгелердің жаңалығы