ІІМ терроризм актісі туралы жалған хабар үшін жауапкершілік барын еске салды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
18 сәуірде Telegram мессенджерінде Астана қаласындағы мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы хабарламалар тарала бастады.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Хабарламада көрсетілген орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күзетті күшейту бойынша шаралар қабылданды. Осыған байланысты дүрбелеңге салынбай, ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз, – деді ведомствода.
Сонымен қатар жүргізілген тексеруде анықталғандай, бұған дейін Ресей Федерациясының бірқатар өңірінде осындай хабарламалар таралған.
Telegram-да жарияланған видео жалған және 2024 жылдың 31 қаңтарында Ресей Федерациясының Калуга қаласында жарияланған.
Айта кетейік, биыл ақпан айында Ақтөбе, Атырау, Алматы, Павлодар, Қарағанды және Қостанай қалаларында осындай хабарламалар тараған болатын.
Жалған хабарды таратқаны үшін Қарағанды және Қостанай қалаларында кәмелетке толмаған балалар ұсталды. Олардың жасы ескеріліп, ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ жалған ақпарат тарататын арналарды бұғаттау туралы мессенджер әкімшілігімен жұмыс жүргізіліп жатыр.
ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделетінін еске салады.